419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Халыққа вакцина салу барысы қарқындады

  • 122
  • UPD: 14:41, 31.12.2020

Әлемде вакцина қабылдау қарқынды жүріп жатыр. Бірақ бұл науқан әр елде әрқалай іске асуда. Бір елде құлшыныс жоғары болса, басқа мемлекетте ұмтылыс аз.

АҚШ-тың 4 миллиондай тұрғыны бар Лос-Анджелесте өрт сөндірушілер вакцина салдырды. Тілсіз жаумен күресуге тиіс кейбір мамандар жедел жәрдем жұмысын қоса атқаруда. Сондай-ақ ірі қаланың медицина қызметкерлері де екпені бірінші болып қабылдап жатыр. Өйткені бұл топтар коронавируске шалдыққан адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.

Джейкоб Галлегос, өрт сөндіруші:

- Бізге «Ковид-19»-ды жұқтырған науқастар өте көп хабарласады. Енді осындай шақыртуларға барып, індетке шалдыққандармен жақын араласқанда аса қорықпайтын болдым. Себебі екпе жасатып алдым.

Францияда вакцинаны қарттар үйінің тұрғындары салдырып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша жалпы жоспар орындалуда. Бірақ дәрігерлердің өздері асығар емес.

Эммануэль Дешамп, дәрігер:

- Шынын айтқанда, біз кеш қалуымыз мүмкін. Мысалы, Германия 27 желтоқсанда бастаған, бірақ қазірдің өзінде екпені 45 мың адам салдырып үлгерді. Ал француздар қырын қарап отыр. Оларға вакцинаның қауіпсіз екенін айтып үгіттеуіміз керек.

Польша тұрғындары да вакцинаны қабылдауға аса құлшынып отырған жоқ. Соңғы сауалнама бойынша халықтың 40 проценті ғана екпе салдыруға ниетті.

Матеуш Моравецкий, Польша премьер-министрі:

- Вакцина - індетті тоқтату үшін үлкен мүмкіндік. Көп алса, бұл екпенің тиімділігі артады және індеттен тезірек құтыламыз.

Ал Пуэрто-Рикода қарқын күшті. Бұл елде медицина қызметкерлері тіпті түнде де кезекке тұрып, екпе салдырып жатыр.

Автор: Ернат Қашқынов

Хабар 24 телеарнасы