411,61 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ОҚО-да Білім күні 20 мектеп ашылды

  • 1673
  • UPD: 13:30, 02.09.2017

Еліміздегі әрбір төртінші сәби дүниеге келетін, халқының қарасы қалың оңтүстікте бүгін 73 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Олардың басым бөлігі жаңа ғимаратта білім алатын болады.

Ел игілігіне берілген білім ұяларының алды 1200 орынға лайықталған. «Достық» мөлтек ауданында тұратын 2 мыңға жуық бала бұған дейін 400 орынға ыңғайластырылған құрылысшылар тұрған жатақхананың тар бөлмелерінде қысылып оқып келді. Оның өзі 3 ауысымда еді. Шәкірттер өз алдына ғылыми жұмыспен айналыспақ түгілі кейбір шараларды далада өткізетін. Жаңа оқу жылында берілген мектептердің барлығына балалардың алаңсыз білім алуына толық жағдай жасалған. Мультимедиялық кабинет, интерактивті тақта, бір сөзбен айтқанда оқушылар заман талабына сай білім нәрімен сусындамақ. Ал кең спорт зал оқушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға негіз болады. Жаңа оқу жылын шәкірттер «Рухани жаңғыру» атты тақырыптағы ашық сабақпен бастады. Білім күні оқушыларға есігін айқара ашқан 20 жаңа ғимараттың 7 апатты мектептің орнына, қалғандары 3 ауысымды және ыңғайластырылған білім ұяларын жою мақсатында салынған. Облыста жыл өткен сайын бала саны артып келеді. Тиісінше білім ұясына деген сұраныс та жоғары дейді мамандар.

Төребек Олжатай, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

ОҚО-да 1036 білім ұясы бар. Оның басым бөлігі тәуелсіздік алған жылдары салынған жаңа мектептер. Дегенмен білім саласында күрмеуі шешілмеген мәселе баршылық. Дәл бүгінгі таңда апатты 3 ауысымды мектеп бар. Тозығы жетіп, қабырғасы сөгіліп тұрғандары да жетерлік. Бұл қиындықтар алдағы 3 жылда толық шешімін табады. Оған елімізде қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасы сеп болмақ.

Жаңа оқу жылы ауыл балалары үшін осындай қуанышпен басталды. Өңірде жалпы 640 мыңға жуық бала білім алады. Оларға 69 мың ұстаз дәріс оқиды. Ендігі мақсат сол балаларға білім жүйесіне енгізілген жаңа бағдарламаға сәйкес жүйелі тәрбие беру. Ол үшін ұстаздардың да біліктілігі жетілдіріліп тұрады.

Хабар 24 телеарнасы