loader


Маңғыстаулық жастар тегін кәсіби-техникалық білім бағдарламасы бойынша оқиды

Биыл маңғыстаулық бір жарым мың жас «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы аясында оқуға қабылданады. Қазір өңірдегі бес ауданда үміткерлер тізімі жасақталып, құжаттар қабылданып жатыр. Жүз бала республикалық, тағы бес жүзі жергілікті бюджет есебінен тегін білім алатын болады. Олар аймақта сұранысқа ие техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарын игереді.

Тегін кәсіптік оқумен бірінші кезекте жетім балалар, тұрмысы төмен, көп балалы отбасылардың балалары мен мектепті бітірген соң оқуға түсе алмай жүрген түлектер қамтылады. Аймақтағы 16 арнаулы оқу орны мемлекеттік тапсырыс бойынша түлектерді қабылдауға дайын.

Нұрлыбек Қойжанов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл жерде стипендия, ыстық тамақпен қамтылады. Киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Егер алшақ ауданда тұратын азаматтар болса, онда жол жүру ақысы төленеді, өтеледі. Барлығын жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Себебі біздер қазір оқытып жатқан мамандықтарымыз – осы еңбек нарығына сай таңдалған мамандықтар.

Гүлжайнаның әкесі – қарапайым жұмысшы. Жастайынан әкесінің тынымсыз тірлігін көріп өскен ол электр желілерін жөндеу жұмыстарын меңгеру үшін колледжге құжат тапсыруға келіп тұр. Жігерлі қыздың басты мұраты – оқуды аяқтаған соң еңбекке араласып, ата-анасына қолқабыс ету.

Гүлжайна Ережепова, қала тұрғыны:

- Президентіміз мен сияқты жастарға тегін кәсіптік білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Сол үшін үлкен рахметімді айтамын. Мақсатым - осы энергетикалық колледжді электромонтер мамандығы бойынша аяқтау.

Маңғыстау энергетикалық колледжі 9-11 сынып оқушыларын тегін кәсіптік білім курстарына қабылдайды. Биыл жергілікті бюджет есебінен 325 бала оқиды. Олар 3 жыл 10 айда колледж мамандықтарын меңгеріп шығады. Ал ел қазынасынан бөлінген қаражат жергілікті жұмыспен қамту бөлімдерінің жолдамасы берілген 100 адамның емтихансыз оқуға түсіп, білім алуына жұмсалады.

Бекмұрат Асылбаев, колледж оқытушысы:

- Оқу кезінде оларға көптеген жеңілдік бар. Шәкіртақы жыл бойы төленеді. Бітірген соң белгілі бір мамандық алып шығады. Жұмысшы мамандықтарын дайындаудың сапасы жоғары. Олар ертең жұмыссыз қалмайды. Теориялық оқуды колледжде оқығаннан кейін практика өтетін өзімізде жақсы база бар. Өндірістік практика өтетін мекемелермен арада келісім-шарттар жасалған.

«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көрсетілген ізгі бастама аймақтағы жиырмаға тарта арнаулы оқу орындарында жүзеге асып жатыр. Тек бір ғана энергетикалық колледжді 2018 жылы 110 адам тәмамдамақ.   

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Сондай-ақ...