426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көне Сарайшық қаласының орнындағы қазба жұмыстарына Ресей археологтары да атсалыса бастады

  • 1607
  • UPD: 13:06, 11.09.2017

 

Қазір мұнда қазба жұмыстарымен қоса Жайық өзені шайып кетпес үшін, жағаны бекіту жұмыстары да жүріп жатыр.

Биіктігі 4 метрлік берік қабырғалар әйгілі шаһар орнын жойылып кетуден қорғайды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң Сарайшық қалпына келтіріліп, ашық аспан астында музей жасақталмақ. Қазірдің өзінде қазақ ордасының астанасы болған орынды келіп көрушілер шетелдерден де ағылып жатыр.

Қазақстан мен Ресейдің археолог-ғалымдарынан құрылған экспедиция уақытпен санаспай қызу іске кіріскен. Қазірдің өзінде олар Хан Сарайы мен ауқатты адамдар шаһирстанының орнын анықтады. Сондай-ақ қыштан жасалған су құбырының қалдықтарын тапқан. Археологтар Сарайшық тұрғындары XVI ғасырда ауызсуды құбырдан ішкендігін айтады.

Вячеслав Плахов, ресейлік археолог:

- Біз Сарайшықтан екі елге ортақ тарихтың үзіктерін іздеуге келдік. Астрахань облысында жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған кейбір жәдігерлер бұған дейін түсініксіз болып келген еді. Сарайшықты қалпына келтіру барысында біртұтас тарихи дерек табамыз деп ойлаймын. Ол екі елдің ортақ тарихын, мәдениетін айғақтайды.

Ұлы Жібек жолы бойындағы кіндік қала Сарайшықтан табылған құнды дүниелер тарихқа тың дерек қосары анық. Себебі Жайық бойында өмір сүрген елдің шетелдермен саяси-экономиалық, сауда байланысын айғақтайтын жәдіргерлер жеткілікті. Содан болар, көне қала археологтардан өзге жалпы көпшіліктің назарын аударуда.

Джон Майснер, фототілші /Канада/:

- Мен Ұлы Жібек жолының тарихы туралы тарихи фоторепортаж дайындау үстіндемін. Сарайшық – Алтын Орда, Ноғай хандығы салтанат құрған, кейін қазақтардың алғаш астанасы болған белгілі қала. Сондықтан оның тарихы әлем жұртшылығының назарын аударатыны анық.

Бір кезде Сарайшықты сыртқы жаулардан қорғаған Жайық өзені біртіндеп ескі қала орнына қауіп төндіре бастады. Сондықтан тарихи орынды сақтап қалу үшін қазба орындарын қоршай бетон қабырғалар тұрғызылуда. Биіктігі 4 метрлік қабырғаның ұзындығы 1,5 шақырымды алып жатыр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Келер көктемде осы араға құрылысшылар келеді. Олар археологтармен бірге облыста алғашқы ашық аспан астындағы музейдің құрылысын бастамақ. Сөйтіп бір кезде Ұлы Жібек жолы бойындағы кіндік қала болған, кейін қазақ Ордасының алғашқы астанасы атанған Сарайшықтың маңайы қайтадан адамдарға толып, туристер мен облыс меймандарының сүйікті орнына айналмақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы