384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тамыры бір туысқан халық құмықтар жайлы не білеміз?

  • 752
  • UPD: 14:30, 06.06.2017

Тарихшылар бұл ұлттың кезінде Дешті-Қыпшақ құрамында болғанын айтады. «Бабалар ізімен» экспедициясы Махачкаланың тау бөктерінде қоныстанған халыққа арнайы барып, өткен тарихқа бір шолу жасады.

Асқарбек Қазанғап, тілші:

-Бүгінде тұрғындары 700 мыңнан асып жығылатын Каспий жағасындағы Махачкала осыдан бірнеше ғасыр бұрын тау бөктеріндегі Тарғу ауылынан бастау алып, көбейген. Бұл ауылдың негізгі халықтары – құмықтар. Осы ұлттың мәдениетінде де, әдебиетінде де қазақпен байланыс жетерлік.

Тарғу ауылында бүгінде 30 мыңға жуық құмық күн кешіп жатыр. Тарихи деректерге сүйенсек, құмықтар 10-15 ғасыр аралығында Дешті Қыпшақ құрамында болған.  Алтын орда ыдырағаннан кейін, осы өңірде тұрақтап қалған. Арада қанша ғасыр уақыт өткенімен, тарихи, әдеби, мәдени байланыстың жібі үзілмеген.

Камиль Алиев, тарих ғылымдарының кандидаты:

-Біз – түркі әлемі, оның ішінде қыпшақ тармағының айырылмас бөлігіміз. Өйткені құмық тілі қыпшақ тілі тобына жатады. Біз қазақ, ноғай, татарлармен сөйлескенде бірден түсінеміз. Ұлттар арасында ешқандай шекара жоқ.

«Бабалар ізімен» экспедициясы жергілікті тарихшылармен арнайы кездесіп, пікір алмасты. Құмықтар түп аталары қыпшақтан тарайтынын растап отыр. Уақыттың көшімен тау халқына сіңісіп, түрлері өзгергенімен, шыққан тамырын ұмытпайтындарын айтады.

Камалиддин Межидов, тарихшы:

-Біз шын мәнінде сіздердің туысқандарыңызды іздеп, осында келгендеріңізге қатты қуандық. Қазақ, ноғай, құмықтар, тағы басқа ұлттардың бір атадан тарайтынын білеміз. Туыстық қарым-қатынасты жандандыру өте дұрыс бастама деп ойлаймыз.

Экспедиция жергілікті халықтан генетикалық сынама алды. Зерттеу қорытындысы құмықтардың қазақтарға қаншалықты жақын екенін анықтауға мүмкіндік береді. «Бабалар ізімен» экспедициясы Дағыстандағы сапарын аяқтап, Әзербайжанға қарай бет алды.

Автор: Асқарбек Қазанғап

Хабар 24 телеарнасы