383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ОҚО-да ғасырлық тарихы бар кітаптар көрмесі өтті

  • 817
  • UPD: 13:12, 20.06.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында ерекше кітаптардың көрмесі өтті.

Халық назарына ұсынылған бұл туындылардың жарыққа шыққанына жүз жылдан асқан. Сирек топтамадағы кітаптар Отырар ауданының музейінен жеткізілген.

Бұл ескі кітаптар көрмеге музейдің мұрағатынан арнайы алдыртылды. Тіпті кейбірінің беттерінен бұрынғы қожайындарының жазу іздері анық байқалады. Сирек әрі тарихи маңызы бар бұл қолжазбалар ХІХ ғасырдың басында мәңгілікке жойылып кетуі әбден мүмкін еді. Алайда ауыл тұрғындары барынша сақтап, кейін Арыстанбаб кітапханасына тапсырады.

Досхан Жұмаханұлы, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бөлім меңгерушісі:

- Бұл жерде хадис, хадистану ғылымдарының, ислам құқықтарын, теологиялық кітаптар, мың бір хадис, Құран аяттарына түсіндірме сияқты діни кітаптар сақталған. 

Көрмеге келушілер ескі поэзия, медицина сияқты түрлі жанрдағы оқулықтар мен таптырмас сөздіктерді де кездестіре алады. Кітаптардың басым бөлігі араб тілінде жазылған әрі олар аударылмаған. Тіпті мамандар аталған жәдігерлерді соңына дейін зерттеп те үлгермепті.

Зікірия Жандарбек, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Өкінішке қарай, кітаптарды оқып, оның ішкі мәні-мазмұнына баратын адамдар қазір аз. Ал оқып келгендердің діни танымы бөлек. Олар қабылдай алмайды. Басты проблема осы.   

Арыстанбаб кесенесінде өткен маңызды көрмеге туристер де көптеп келді. Олар құнды көрмеге тап болғандарына аса қуанышты.

Салмира Панаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Мен өте қуаныштымын осы жерге келгеніме. Арыстанбаб жері – өте киелі жер. Түлкібас ауданынанмын. Көзіңмен көрген жақсы.

Көрмеден кейін бұл кітаптар музей мен кітапханаларға кері қайтарылады. Айта кету керек, қазір сирек кездесетін бағалы басылымдардың жүзден астам томы сақталған.

Авторлары: Мейрамгүл Құспан, Катерина Папкова, Ерболат Әбішев

Хабар 24 телеарнасы