383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Сазген сазы» фольклорлы-этнографикалық ансамблі Женевада өнер көрсетті

  • 607
  • UPD: 11:31, 07.05.2018

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Швейцарияның Женева қаласындағы Леман театрында «Сазген сазы» фольклорлы-этнографикалық ансамблі мен танымал қазақстандық опера және эстрада әншілерінің концерті өтті.

Мәдени шара қазақстандық және швецариялық продюссерлік орталықтың және Женевадағы Қазақстан өкілдігінің ұйымдастырумен жүзеге асырылды. 

Жанат Эрнст, тілші:

- Бірнеше минуттан соң Қазақстанның артистері Женева қаласына әкелген концертінде швейцариялықтарға халық, опера және заманауи музыканы паш етпекші.

Қазақстандық өнерпаздар мен жас таланттарды, соның ішінде көпке танымал опера әншісі Сүндет Байғожин мен Әйгерім Сарсенованы тыңдау үшін Швейцариядағы қазақ диаспорасының өкілдері түгел жиналды. «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің орындауындағы ұлы дала әуендері мен қазақтың ұлттық күйлері залдағы көрерменді бірден баурап алды.

Бағдат Тілегенов, «Сазген сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

- Қазақтың әнін, қазақтың күйін, қазақтың төл аспаптарың - жетіген, саз сырнай, үскірік, сыбызғы, шерке сияқты аспаптарды осы Женева тұрғындарына шетелдік қонақтарға таныстыруға әкеліп отырмыз. Біздің артістер қазақтың өнерін көрсетуге бар күшін салды.

Дана Орманбаева, концерт продюсері:

- Джаз, эстрада жанрын ұлттық аспаптармен бірге үйлестіріп, тың дүние жасап шығардық. Концерттік бағдарламаның ерекшелігі де осында. Оны көп ойланбастан «Қазақстаннан махаббатпен» деп атадық. Өйткені бұл ұғымға бәрі сыяды. Бұл шара елімізді танытып, Швейцариядағы достарымызды көбейте түсетініне сенеміз.

Әйгілі әнші Мирей Матьенің репертуарынан бірнеше әнді орындап берген Гүлнара Көшенованың өнері де көпшілікті сүйсінтті. Ал эстраданың жас әншісі Данэлия Тулешова француз әншісі «Zaz»-дың «Өмір сүріп жатырмын» әнін шырқағанда залда қол соқпаған жан болмады.

Данэлия Төлешова, «Голос. Дети. Украина» халықаралық ән байқауының жеңімпазы:

- Мен бұл ән арқылы достарыңның құрметіне бөлену үшін байлық-дәулеттің қажеті жоқ екенін жеткізгім келеді. Өйткені бақытты өмір сүру үшін сүйікті отбасыңның қолдауы болса, соның өзі жеткілікті деп ойлаймын. Сонда барлық ойың орындалады, бәріне қол жеткізуге болады.

Қазақ ұлттық аспаптарының үнін ұйып тыңдаған қалың көрермен опера және эстрада әншілерінің шеберлігіне тәнті болды.

Сецуко Клоссовска де Рола, суретші, ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік жолындағы әртіс» атағының иегері:

- Қазақтың ұлттық әуендерін тыңдап одан тастардың, өзендердің, дархан даланың үнін естідім. Тіпті көзіме жас келді. Қазақ ұлтының әуезді әуендері табиғаттың барлық әсемдігін бере алады. Осындай керемет дәстүрі бар ел қандай бақытты да бай мемлекет деп іштей тамсандық.

Каролин Шойфеле, «Шопар» зергерлік үйін құрушы:

- Музыканы жаным сүйеді. Бірақ осы жолғы опера мен дәстүрлі музыкадан құралған кештен үлкен әсер алдым. Әсіресе жас Данэлияның дауысы тамаша. Талабына нұр жауып, өнері үстем болсын деп тілегім келеді.

Людмила Хиннен, Женева тұрғыны:

- Әртістердің әсем киімі, сахнадағы Қазақстанның көркем көріністері, кең байтақ дала. Бүгін Отаныммен қайта қауышқандай болдым.

Швейцария астанасының тұрғындары қазақстандық өнерпаздарға ұзақ қол шапалақтап, сахнадан жібергісі келмеді. Бұған қарап, қазақ өнерімен байланыстыратын кездесулер одан әрі жалғаса беретініне тағы да көзіміз жетті.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы