375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-тағы қазақ қыздары «Гүлдер» би тобын құрды

  • 476
  • UPD: 09:55, 07.03.2019

Америкада қазақстандық қыздар «Гүлдер» би ансамблін құрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық билерін орындау арқылы олар туған жеріне деген сүйіспеншілігін білдіріп жүр. Бүгінде бұл ұжым АҚШ-тың түрлі сахналарында өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің қошеметіне ие болуда.

Осыдан екі жыл бұрын «Гүлдер» тобы Дүниежүзілік банктің штаб-пәтерінде өткен «Еуразия күндері» фестивалінде алғашқы «Аққу» биін көрсеткен еді. Өнерпаздар көрермендердің жүрегін бірден баурап, жиылған жұрт олармен бірге суретке түсу үшін ұзын кезекке тұрған.

Мәдина Тоқтар, «Гүлдер» тобының бишісі:

– Біз «Гүлдер» би тобымыз. Қазақстанды қатты сағындық, елімізді ойымыздан бір сәтке шығармаймыз.

«Гүлдер» тобы өз билерімен қазақ халқының руһани байлығы, кең-байтақ даламыз бен табиғатымыздың әсемдігін жұртқа көркем жеткізе алды. Ұлы композиторларымыз Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың әніне орындалған билер де көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Ансамблді құрған Зарина, Айнұр, Мәдина және Розлана есімді қыздарымыз Америкада өтетін халықаралық фестивальдар мен концерттерге жиі қатысады. Олардың киген ұлттық киімдері көздің жауын алады. Ұлттық нақыштағы әшекейлерді олар арнайы Қазақстаннан алдырады.

Розлана Алтынбекова, «Гүлдер» тобының бишісі:

– Ұлттық банкте әр жыл сайын фестиваль өтеді. Фестивальда біз өнерімізді көрсетеміз. Біздің қазақ халқымыздың дәстүрлі мәдениетін осы жерде көрсету – біз үшін үлкен қуаныш.

Қазір қыздар әйгілі қазақ күйі «Ата толғауы» ырғағына жаңа би дайындау үстінде. АҚШ-та құрылған «Балауса» балалар хорымен бірге Наурыз мейрамына арналған салтанатты шарада өз өнерлерін паш етпекші.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы