384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Олжас Сүлейменов: Кезінде кітапты ең көп оқитын халық Қазақстанда болған

  • 276
  • UPD: 23:59, 04.07.2019

Елордада жазушылар мен публицистердің алғашқы халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуразия астаналарынан жиналған қаламгерлер әдебиеттің бүгінгі жай-күйін талқылап, сөз өнеріндегі проблемалардың шешу жолдарын ұсынды.

Қазіргі қоғамның рухани құндылықтары жайында ой толғаған әдебиет алыптарының кездесуіне 20 елдің қаламгерлері қатысты. Жиын басында халық жазушысы, Қазақстанның еңбек ері Олжас Сүлейменов сөз сөйледі. Кезінде кітапты ең көп оқитын халық Қазақстанда болғанына тоқталған ол әдеби туындылар қай заманда да тұтас қоғамның мәдениетін қалыптастыратынын айтты. Сондай-ақ әлем астаналарынан жиналған жазушылар «стереотиптерден арылып», өзгеше ойлап, жазатын жаңа толқын тәрбиелеу керектігіне тоқталды.

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:

– Бір тақырыбы бар стереотиптерді бұзу деген. Бұл енді қалыптасып қалған қағидаларды бұзу деген сөз емес. Бұл әдебиетте жаңа жол іздеу деген мағынаны білдіреді. Әдебиеттің жаңа іздеріне арна ашу. Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Тәуелсіз ойлай білу және тәуелсіздіктің тұғырынан, тұрғысынан жаза білу деген ар жағында үлкен идеялар бар.

Мәртебелі қонақтардың қатарында қазақ әдебиетінің дүниежүзіне танылуына өз үлесін қосып, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын араб тіліне аударған жазушысы Мұxаммад Рияд Халуаш болды. Мысырлық университеттердің бірінде сабақ беретін қаламгер алдағы уақытта «Алтын Орда» романын аударуға ниетті. 

Рияд Мұхаммед, жазушы, аудармашы /Мысыр/:

– Мен орыс әдебиетінен сабақ беремін. Көптеген жазушыларды білемін. Бірақ солардың ішінде І.Есенберлин ең мықты, дана адам деп есептеймін. Үш жыл бойы «Көшпенділер» трилогиясын аудардым. Егер І.Есенберлин біздің заманымызда өмір сүрсе, бұл трилогияны басқаша жазушы еді. Себебі, ол кезде Кеңес үкіметінің цензурасы болды. Ал қазір басқаша. Дегенмен ол қазақтарды бастандықты жақсы көретін, тәуелсіз ұлт ретінде суреттейді. Бұл шығарма арқылы мен Қазақстанның тарихымен жақын таныстым. Өз ұлтының тарихы туралы жазғысы келетіндерге осы туындыны мысал ретінде ұсынар едім. 

Қазақ әдебиетіндегі қазіргі проблемалардың бірі – аударма мәселесі. «Бұл салаға қаражат құйып, ана тілімізді жетік меңгерген жастарға аударманың қыр-сырын үйрету керек», – дейді жиынға өңірлерден келген жазушылар.

Мерей Қарт, Қазақстан жазушылар одағының Семей қалалық филиалының төрағасы:

– Біздің әдебиетте әлемге таныту деген проблема бар. Бұл біздің аударма саласының нашарлығы. Біздің қазақ прозаиктерінің прозаларды болсын, поэзияларды болсын сөздікпен аударған аударма ол ешқашан әлемді таңғалдыра алмайды. Сондықтан біздің әдебиетімізді әлемге таныту үшін бір-ақ мәселені ескеру керек. Ол – аударма сапасын күшейту.

Форумға бас аяғы 300-ге жуық ақын-жазушы қатысты. Рухани құндылықтарды дәріптеп, сөз өнерінің мәртебесін көтеруге бағытталған шараны дәстүрге айналдырып, жыл сайын өткізу жоспарланған.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы