384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шетелдік ғалымдар: Ә.Кекілбаев – әлем әдебиетінің қазынасы

  • 235
  • UPD: 15:40, 03.12.2019

Биыл халық жазушысы, «Қазақстанның Еңбек ері» Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әдебиетіміздің алып бәйтерегі – кемелділік пен парасатқа толы шығармалары арқылы халық жадында мәңгі сақталған тұлға. Еуропа, Түркия мен көршілес Ресей елінің ғалым, зерттеушілері мен аудармашылары қазақ халқын маржансөз шеберінің мерейлі мерейтойымен құттықтап ізгі тілектерін жаудырды. 

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы. Қазақтың маңдайына туа біткен жарық жұлдыз 2015 жылдың 11 желтоқсанында өмірден озған еді. Биыл қазақ елі қолтаңбасы қайталанбас тұлғаны еске алып, мерейтойын жан-жақты атап өтуде. Кекілбаевтың шығармасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасына айналды.

Хулия Касапоғлу, Ченгел хажы Байрам университеті,  «Түркітану» ғылыми зерттеу орталығының директоры:

– Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығы баршамызға құтты болсын. Ә.Кекілбаева тек қазақ елінің емес, түбі бір түркі тілдес әлемде танымал жазушы, қайраткер. Батысқазақстандық, Маңғыстаулық азамат Ә.Кекілбаевтың шығармалары, романдары, аңыздары түрік тілінде жарық көрген. Тіпті факультеттерде жазушының шығармалары сабақ ретінде оқытылады. Ол шығармалары арқылы  біз қазақтың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін біле аламыз.

Кекілбаев тек қаламгер ғана емес, саналы ғұмырын қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне арнаған абыз тұлға. Атақты қаламгердің шығармалары, өлең жинақтары, роман-повестері ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. «Тасбақаның шөбі» әңгімесін  французша сөйлеткен аудармашы Филипп Риго қазақтың әдебиеті Парижде де сұраныста екенін айтады. 

Филипп Риго, аудармашы:

– Әбіш Кекілбаевтың «Тасбақаның шөбі» әңгімесін қазақ әдебиетінің антологиясы үшін аудардым. Көптеген туындылардан дәл осы шығарма өзіме қатты ұнады. Себебі онда Кеңес Одағы кезіндегі күнделікті тұрмыс-тіршілік баяндалған. Шығармада қанша дөкей, бай болсаң да қарапайым адамның көмегіне мұқтаж болатын күн басыңа туатыны айтылады. «Тасбақаның шөбі» өте қызықты әңгіме. Француздық оқырмандардың да көңілінен шықты. Қазақтың табиғаты мен мәдениетіне қызыққан француздықтар үшін бірегей туынды.

Әбіш Кекілбаев – адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы. Мұны аудармашылар да, әріптес қаламгерлер де, құрдастары да мойындап отыр.  Сондықтан, Кекілбаевтың шығармашылығы қазақ халқы мен түркі тілдес жұрттың жадында мәңгі  сақталары сөзсіз.

Хабар 24 телеарнасы