426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ереванда «Абай-175» жинағы жарық көрді

  • 160
  • UPD: 12:07, 21.08.2020

Ереванда «Абай-175» атты бірегей жинақ жарық көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Армян тіліне аударылған шығармалардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен ақынның қара сөздері бар. Аудармашы әдебиеттанушылар қос туындыны армян оқырманына табыстау үшін бір жарым жыл еңбек еткен.

Екі елдің ғалымдары, дипломаттары, қоғам қайраткерлері мен журналистерінің пікірі бір. Абай – бүкіл әлемнің ортақ мұрасы, XXI ғасырдағы ұлттық мәдениеттерді рухани біріктіруші. Осы ретте көпғасырлық тарихи-мәдени байланысы бар Қазақстан мен Армения үшін «Абай-175» жинағының жарық көруі қос мемлекетті тағы бір жақындата түсері айқын.

Александр Сафарян, Ереван мемлекеттік университеті түркітану кафдрасының меңгерушісі:

- Адамдарды сүйе білетін, кез келген жағдайда әділ шешім таба алатын адам нағыз данагөйдің өзі. Бұл барлық халықтардың ұлы ізбасарларына жақын әрі түсінікті ұғым.

Абайдың танымалдығы қазақ жерінен асып, бүкіл әлем мәдениетінің байлығыныа айналды. Армян оқырмандары қазақ ақынының туындыларын Хачатур Абовянның шығармаларымен салыстыруы да заңды. Ол екеуі де зорлық-зомбылыққа ұшырап, езгіге түскен жандарды құлдыққа мойынсұнып жүре бермеуге шақырады. Сондықтан Абайдың адам баласына жеткізбек болған ойы жергілікті оқырманның жандүниесіне етене жақын.

Тимур Оразаев, Қазақстанның армениядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Жинақ Арменияның ғылыми және оқу орындары үшін өте жақсы әдістеме болмақ. Абай мерейтойына арналған шаралардың бәрі шетелдік қоғамға Абай мұраларының ұлылығы мен тереңдігін жеткізіп қана қоймай, Қазақстан мен қазақ мәдениетін кеңірек танытуды көздейді.

600 дана таралыммен шығарылған жинақ Армения мен Қазақстанның кітапханалары, университеттері мен ғылыми мекемелерінің қорын толықтырады. Екі ел арасындағы мәдени диалогты жалғастыру үшін келесі жылы Қазақстан жазушылар одағы армян әдебиетінің антологиясын шығаруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы