419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ташкентте жарымжандардың өнерін шыңдайтын театр жұмыс істейді

  • 92
  • UPD: 17:24, 03.12.2020

Өзбекстанда мүмкіндігі шектеулі жандар театр сахнасын бағындырып жатыр.

Ташкентте жарымжан жандар үшін қоғам өміріне белсене араласуына, дара қасиеттерін ашуға мүмкіндік беретін өнер ошағы жұмыс істейді. Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында тағдырдың ащы-тұщы дәмін татқандармен осы елдегі меншікті тілшіміз Жасын Біркенов кездесіп қайтты.

Бұл – мүмкіндігі шектеулі жанға шексіз мүмкіндік беретін театр. Өйткені мұндағы әртістер бойындағы мінін кемшілік деп санамайды. Қайта олар – осы қалпын өнермен ұштастыра алған адамдар. Сол себепті де сезімдері мен ойларын көрерменге қимыл-қозғалыспен жеткізеді.

Лилия Севастьянова, «Лик» қимыл-қозғалыс театрының жетекшісі:

– Біз бұл театрда «әсем импровизация» деп аталатын өзіміздің тілімізді, өзіміздің әдістемемізді ойлап таптық. Ол арқылы осындай қамкөңіл жандардың көкейлерінде жүрген ойларын һәм ішкі жан-дүниесін түсінуге болады. Әрі біздің өнер ошағымыз бұл кемтар адамдарды оңалтуға жақсы септеседі.

Театр 1982 жылдан бері жұмыс істейді. Бірақ соңғы 18 жылда шығармашылық ұжымның сапына өмір өткелінен өтіп жүрген өнерпаздар қабылданып жүр. Бүгінде мұндағы қойылымдарда бас-аяғы 30 шақты мүгедек жан ойнайды. «Сенім мен махаббат. Бұл қос ұғымды ұштастыра алған адам кемтарлыққа мән бермейді». Театр әртістерінің пікірі осыған саяды. Өнер ошағында тапқандары да осы.

Жасын Біркенов, тілші:

– Бұл өнерпаздар – елден ерек ерлер. Өйткені олар – «тар жол, тайғақ кешуден» таймаған талантты адамдар. Жарымжан жандар қойған қойылымды көрсеңіз, жүрегіңіз лүпілдеп, өне-бойыңыз қалтырап кетеді. Әртістердің өнеріне бүгінде Ресей, Франция, Беларусь, Украина көрермендері куә болды. Тіпті шығармашылық ұжым халықаралық фестивальдерде топ жарған екен.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы