419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арменияда Абай атындағы қазақ мәдени орталығы ашылды

  • 132
  • UPD: 19:18, 25.12.2020

Ал Ереван қаласында Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениетінің орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл іс-шара ұлы ақынымыздың 175 жылдық және әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларына орайластырылған.

Қазақтың тарихы мен мәдениетін терең зерттеп, тілін жетік меңгеру үшін бұл орталықта бар жағдай жасалған. Түрлі әдеби кітаптар мен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған достық шаңырағы астында ғалымдар және студенттермен қатар, Қазақстан жайлы көбірек білгісі келетін жандар да бас қоса алады. Бұл жобаны екі ел арасындағы мәдени байланыс көпірі іспеттес десе де болады.

Тимур Оразаев, Қазақстанның Армениядағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Мәдени саладағы ынтымақтастықты дамытуда қоғам қайраткерлері мен зерттеуші ғалымдардың еңбегі орасан. Бірінші кезекте оларға алғыс білдіреміз. Өйткені олар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың іргетасын сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

Артур Исраелян, Ереван мемлекеттік университетінің проректоры:

– 2011 жылдан бері ынтымақтастығымыз жалғасып келеді. Бүгін ашылған орталық – осы жылдардағы еңбегіміздің жемісі. Бұл жерде қазақстандық студенттер түрлі бағдарламалар бойынша білім алады. Сонымен қатар жергілікті студенттермен Қазақстан тарихы мен мәдениеті жайлы мағлұматтармен бөліседі.

Ереван мемлекеттік университетінің профессорлары Қазақстандағы әріптестерімен үнемі байланысып, ғылыми тәжірибесімен бөлісіп келеді. Түркітану кафедрасының меңгерушісі Александр Сафарян биыл «Абай –175» жинағын шығарды. Екі томнан тұратын бұл басылымға армян тіліне аударылған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы және Абайдың «Қара сөздері» кірді.

Александр Сафарян, Ереван мемлекеттік университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі:

– Бауырлас қазақ халқымен қарым-қатынастарымыз жүздеген жылдар бойы жалғасып келеді. Армян-қазақ ынтымақтастығының түпкі тамырында Армян әдебиетінің классиктері Сильва Капутикян, Геворг Эмин мен Паруйр Севак тұр. Бүгінде университетіміз осы ынтымақтастықты әрі қарай жалғастырып жатыр.

Оқу орнының басшылығы Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастыққа үлкен қолдау көрсетіп келеді. Білім алуға құштар отандастарымыз үшін есігі әрдайым ашық екенін де айтады. 

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы