387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Кел, шырқайық!» жобасы көрерменге жол тартты

  • 1014
  • UPD: 21:24, 24.03.2017

«Хабар» арнасы көрермен қауымға жаңа жоба ұсынады.

«Кел, шырқайық деп аталатын тың бағдарлама ән өнеріне тамсанатындарға арналады. Қазақ эстрадасының жұлдыздарының қатысуымен өтетін караоке-шоудың ерекшелігі көп. Мысалы, теледидар алдында отырған тыңдарман да әншілермен бірге шырқай алады.

«Хабар» арнасының көрермендерін тағы бір тамаша жоба күтіп тұр. Телекөрермендердің тағатын тауысып шыққалы тұрған бағдарлама жақын арада көрерменімен қауышады. Тыңдармандар өздерінің сүйікті әншілерімен бірге караокеде ән шырқай алады. «Кел, шырқайық!» деп аталатын көрсетілімнің басты ерекшелігі де сонда. Ал бағдарламаға күміс көмей әншілерден бөлек өзге де саланың адамдары қатыса алады. Басты талап кез келген тақырыптағы қазақтың әнін нақышына келтіріп шырқай алу.

Нұрсұлтан Құрман, «Кел, шырқайық!» бағдарламасының жүргізушісі:

- Бұл бір ерекше жоба дегім келіп отыр. Қазақстанда бұрын-соңды дәл осындай форматта жоба болған емес. Арнайы ережелері бар кезеңдері болып, жаңаша форматта шыққан жоқ. Караокеге барғанда білесіздер, қазақ әндерінің аранжировкасы нашар, мәтінінде қырық қате өріп жүреді. Сол олқылықтың орнын толтырып, қазақы әндерді жаңаша нұсқада көрермендерге ұсынбақшымыз.

Бағдарлама 3 кезеңнен тұрады. Алғашқысы «Соло» деп аталады. Алты бірдей қатысушы жеке-дара ән шырқайды. Олар ұяшықтарға жасырылған әнді орындауы тиіс. Екінші кезеңде компьютер анықтап берген жұптар дуэт болып ән айтады. Көрермен тарапынан жоғарғы баға алған 3 әнші финалға өтеді де, қалған үшеуі әділқазылардың қызметін атқарады.

Александр Фломбойм, «Кел, шырқайық!» бағдарламасының қоюшы режиссері:

- Көрермендер мен жұлдыздардың бір-бірін дәлелдейтін бағдарламасы болады деп отырмыз. Бұл жобаға қатысатын әншілердің барлығы да таза жанды дауыспен ән шырқайды. Демек қатысушылардың барлығы да нағыз таланттар болады. Ал мықтыларын тыңдарман дауыс беру арқылы өздері анықтайды. Дегенмен жобаның басты мақсаты сайыс емес, барлығымызға ортақ ән айта алатын орта жасау.

Көмейіне бұлбұл ұя салған үздіктердің шырқауын 26 наурыздан бастап тамашалай аласыздар. Одан ары қарай жоба әрбір жексенбі сайын эфирге шығады. Бағдарлама 14 апта бойы көрермен көзайымына айналады.

Авторлары: Ермұхамед Мәулен, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы