384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бабалар ізімен» экспедициясы Дағыстаннан қазақпен түптес ноғай халқын тапты

  • 681
  • UPD: 12:18, 05.06.2017

Түбіміз бір туысқан ағайын! «Бабалар ізімен» экспедициясы Дағыстандағы әлемде ең көп ноғайлар шоғырланған ауданға барды. Екі ұлттың арасында сабақтасқан ортақ тарих тізбегі бар. Экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындардардан генетикалық сынама алды.

Экспедиция жолға шыққалы мыңдаған шақырым жол артта қалды. Біз қазір Дағыстанда ноғайлар ең көп шоғырланған аудан Терекли-Мектебке келдік. Шоқан Уалихановтың айтуы бойынша, он алтыншы ғасырдың соңына дейін қазақ, қарақалпақ, ноғай бір шаңырақ астында күн кешкен. Ол кезде ауылымыз аралас, қойымыз қоралас болатын. Тек Орманбеттің өлімінен кейін үш ұлт үш жаққа кетті. Арада қанша ғасыр өткенмен дініміз бір, тіліміз ұқсас, мәдениетіміз ортақ.

Бүгінде Терекли-Мектебте 20 мыңнан астам ноғай түтінін түзу түтетіп отыр. Салтты сақтап, дәстүрлерін дәріптеуді жолға қойған. Ұлттық киімдеріндегі оюдан, би қимылдарынан қазаққа ұқсастықты аңғару қиын емес.

Домбыра ноғайлар үшін де ұлттық аспап. Отандасымыз Ахметбек Санияздың Терекли-Мектебке келгеніне жылға жуықтаған. Ауылда аспап жасайтын адам болмағандықтан, бауырлас халық қолқа салып, арнайы шақыртқан.

Ахметбек Санияз, шебер:

- Астраханьда бір мастер бар. Содан барып алады екен. Содан Қазақстаннан барып алады. Біздің Қазақстандағы бағаға келіспейді. Өте қымбат көрінеді. Содан қиналып жүр екен. Мында келіп үйреттік, үйренді.

Қазақтың ауыз әдебиетіндегі Қобыланды, Едіге, Қозы көрпеш Баян Сұлу секілді кейіпкерлер ноғайлардың да ұлттық жыр-дастанына кірген. Мәдениет пен әдебиеттің ортақ болуы екі ұлттың бір атадан тарайтынына тағы бір айғақ.

Сапар Ысқақов, саяхатшы:

- Ноғай халқы мен қазақ халқы бес ғасырдың сыртында ұлы дала Дешті Қыпшақ жерінде бірге өмір сүрді. Соның арқасында біздің тарихымыз да, мәдениетіміз де өте терең дәуірлерге кетеді. 

Экспедицияны Ноғай ауданының әкімі Казмагомед Янбулатов арнайы қабылдады. Тарихты жаңғыртып, мәдениетті дамыту бағытындағы елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасы барлық ұлтқа қажет деген ойымен бөлісті.

Казмагомед Янбулатов, Ноғай ауданының әкімі:

- Көбі бірдің түбі бір деп айтады. Біздің түбіміз бір. Бір заттан шыққан халықпыз. Бәріміз де қыпшақпыз.

 «Бабалар ізімен» экспедициясы жергілікті халықтан генетикалық сынама алды. Зерттеу нәтижесі ноғайлардың қазаққа қаншалықты жақын екенін енді ғылыми түрде дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Жақсылық Сәбитов, тарихшы:

- Генетика екі ұлттың арасындағы байланысты анықтағаннан бөлек, қай кезеңде генетикалық кластердің ажырап кеткенін білуге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижесі бойынша нақты ғылыми тоқтамға келеміз.

«Бабалар ізімен» экспедициясы ноғайлардан бөлек  бұрын Дешті-Қыпшақ құрамында болған құмық, қарашай, балқар секілді халықтарға генетикалық зерттеу жүргізеді. Экспедиция қорытындысы бойынша тарихтың жаңа парағы ашылуы мүмкін.

Авторы: Асқарбек Қазанғап

Хабар 24 телеарнасы