388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл Қостанай облысы сыртқа 1000 тоннадан астам ет сатуды жоспарлап отыр

  • 475
  • UPD: 09:35, 10.11.2017

Биылғы өңіраралық ынтымақтастық форумының Челябі қаласында өтуі – символикалық мәнге ие.

Өйткені Ресейдің өзге өңірлеріне қарағанда, ежелден Челябі облысымен қай жағынан да байланысымыз тығыз. Осы аймақтың жалпы тауар айналымының төрттен бірі Қазақстан үлесіне тиесілі. Алыс-берістің ара салмағын таразылайтын болсақ, біздің елдің импортқа қарағанда, экспорты басым әрі жыл санап артып келеді.

Тобыл өңірінен көрші елге негізінен тау-кен және азық-түлік өнімдері жіберіледі. Ал Челябіден Қазақстанға металлургия, машина жасау, химиялық өнеркәсіп, басқа да тұтыным тауарлары экспортталады. Арадағы алыс-беріс соңғы жылда бір жарым есеге артқан.

Шыңғыс Бейісов, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

Ресейлік компаниялармен бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар. Соның бірі Қостанайдағы индустриалды аймақта лифт шығаратын зауыт құрылысы. Бұл кәсіпорын жылына 700 жеделсаты құрастыратын болады.

Биыл Қостанай облысы сыртқа мың тоннадан астам ет сатуды жоспарлап отыр. Негізгі тұтынушы Оңтүстік Орал аймағы. Мысалы, Екатеринбург қаласындағы бір ғана сауда желісі Қостанайдан тұрақты түрде айына 20 тонна ет алдыртады.

Артемий Шалагинов, сауда желісінің бас директоры: /Екатеринбург, РФ/

Біздің ет тапсыратын серіктестеріміз көп. Соның ішінде Қостанайдың еті айрықша сапасымен сұранысқа ие болып отыр. Қазіргі таңда қазақстандық бір шаруашылықтың өзінен аптасына 5 тонна ет алып отырмыз. Ветеринарлық кедергілер азайса, бұл көлемді арттыруға болар еді.

Ресейге қарағанда Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуына барынша қолайлы жағдай жасалғандығын көрші елдің мамандары да мойындайды. Бақылаушы органдардың бизнеске қоятын шарт-талаптары бізде жүз есе аз.

Сергей Смольников, Челябі облысының экономикалық даму министрі: /РФ/

– Қазақстандағы инвестициялық ахуалды эталон деп айтуға да болады. Келген инвесторды жер телімімен, барлық инфрақұрылымымен қамтамасыз етеді. Жеңілдетілген салық салымы, бір терезе жүйесі кәсіпкерлер үшін өте тартымды.

Ресейліктер қазір Қостанай облысында машина жасау саласында өндірістік кластер құруға мүдделі. Қазір осы бағытта алдын ала келісімдер жасалған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы