386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлордардағы кардиологиялық орталық цифрлық жүйеге көшті

  • 665
  • UPD: 13:27, 15.02.2018

Павлодардағы кардиологиялық орталық аймақтағы медициналық мекемелер арасында алғаш болып цифрлық жүйеге көшті.

Емдеу және алдын алу үдерістерінен бастап ішкі құжат айналымы да толықтай электронды форматта жұмыс істейді. Бұл дәрігерлердің алтын уақытын үнемдеп, науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Кардиология – күрделі сала. Сондықтан бұл саланың цифрлық жүйеге көшуі тың жаңалықтар алып келеді дейді ақ халаттылар.

Дәрігердің көмегіне жүгіну үшін науқастар енді бұрынғыдай сарылып кезек күтпейді. Үйде отырып-ақ, медициналық мекемелерге тапсырыс бере алады. Ол онлайн режимінде жүзеге асады. Науқастың өтініші бірыңғай диспетчерлік қызметке тіркеліп, «ИнфоМед» бағдарламасы арқылы ақпарат мамандарға тарайды.

Ақпараттық жүйеге кіретін медицина қызметкерінің дербес логині мен паролі болады. Аға-медбике Гүлмира Жүсіпованың айтуынша, цифрлық мәліметтер базасының енуі жұмыс сапасын арттырған. Өйткені қолдағы кардиокартада емделушілердің тарихы электронды түрде сақталған.

Гүлмира Жүсіпова, облыстық кардиологиялық орталықтың жүрек талмасы бөлімшесінің аға медбикесі:

– Мен біздің бөлімшеге түскен науқастар жайында картотекадан біліп отырамын. Олардың құжаттары, мекенжайы, тіпті қай емдеу мекемесінен бізге жіберілгені туралы да жазылады. Шұғыл түрде немесе жоспарлы емдеу түрімен түскенін де біліп отырамыз. Біз үшін ол өте маңызды.

Осының арқасында кардиологиялық орталық мамандары қағазбастылықтан құтылды. Ал жүрек талмасымен ауыратын адамдардың бірыңғай электронды тізіміне емханалар да қосылған. Енді жүрек ауруларының алты түріне байланысты электронды амбулаториялық карта құруға мүмкіндік туды.

Дархан Дайыров, кардиохирург-дәрігер:

– Электронды нұсқа арқылы біздің жұмысымызда көптеген жаңашылдық пайда болды. Жұмыс қарқыны артты. Науқастың орталыққа түскен сәтінен бастап оның диагнозын анықтап, зертханалық тағайындаулар жасау және түрлі зерттеулер жүргізу уақыты үнемделеді. Сондай-ақ операцияға дайындау кезеңі қысқарды.

Цифрлық жүйе кардиологиялық орталықтағы зертханаларды айналып өтпеді. Бұл жерде науқастан алынған қанның құрамы тексеріледі. Ол аппарат анализатор деп аталады. Ең бастысы қанның құрамы талданғаннан кейін бағдарлама арқылы компьютердің бетіне шығады. Дәрігерлер қолмен ештеңе жасамайды. Сондықтан қателікке жол берілмейді. Цифрлық жүйенің маңызы сол – адамның уақыты үнемделеді.

Озық тәжірибе облыс аумағындағы ауруханалар мен емханаларда белсенді жүзеге асырылуда.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы