389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар: Алғашқы қадам ретінде аударылған 18 кітап – сәтті шыққан жоба

  • 980
  • UPD: 09:26, 20.04.2018

Бұған дейін қазақ тіліне тек әлем әдебиетінің жауһарлары аударылып келді.

Көркем әдебиеттегі алыптардың шығармалары кеңінен тарады. Ал гуманитарлық ғылымға қатысты оқулықтардың төл тіліміздегі аудармасы жоқтың қасы болатын. Енді бұл олқылықтың орны толады. «Себебі ғылыми кітаптарды, салалық оқулықтарды тәржімалау қоғамдық сананы жаңғыртуға үлкен үлес қосады», – дейді отандық ғалымдар.

Адамзат дүниені ғылым арқылы танып-біледі, ал оны жеткізуде тілдің рөлі маңызды. Сондықтан жаһандану үрдісінен қалмай, әлемдегі озық жаңалықтарды біліп отыру үшін ана тіліндегі ақпараттың мол болғаны дұрыс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «100 жаңа оқулық» жобасы ұлттық ғылымға ғана емес, қазақ тілінің дамуына да негіз болады», – дейді сарапшы мамандар.

Шерубай Құрманбайұлы, «100 жаңа оқулық» жобасының редакциялық алқа мүшесі:

- Кез келген тіл, ол тілде ғылыми ақпарат сақталса, ол тілде ғылыми әдебиеттер қоры мол болса, соншалықты тартымды болады. Өйткені қазіргі заманда халық, көпшілік қауым өзінің ұл-қызын жақсы маман болуға тәрбиелейді. Жақсы маман болу үшін құнды, ғылыми ескірмеген ақпаратты уақтылы алып отыру өте маңызды.

Бүгін қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі орталық сараптама кеңесінде ғалымдар «100 жаңа оқулық» аясында жарыққа шыққан 18 кітаптың ғылыми мән-мазмұнын талқылады. «Жаратылыстану ғылымында ұлттық шекара жоқ. Сондықтан бұл саладағы оқулықтарды қазақ тіліне көптеп аударған дұрыс. Ал гуманитарлық ғылымдарға қатысты сыни көзқарас керек», – дейді академик Болат Көмеков.

Болат Көмеков, академик:

- Жаратылыстану жағдайына байланысты толық айтуым мүмкін – олардың деңгейі өте жоғары. Осы оқулықтарды әбден пайдалануымыз керек. Ал енді қоғамдық-гуманитарлық салаға нақты сыни көзбен қарап аударуымыз керек. Өйткені ол оқулықта біздің ұлттық қасиеттеріміз жоқ, қазақтың құндылықтары жоқ. Соны бірте-бірте енгізуіміз керек.   

Ғалымдар тарих, философия, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика салалары бойынша аударылған кітаптарды оқу үдерісіне енгізу маңызды екенін атап өтті. Бұл оқулықтар білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін көтереді. «Алғашқы қадам ретінде аударылған 18 кітап сәтті шыққан жоба», – дейді сарапшылар. Себебі бұл оқулықтарды сол саланың тікелей мамандары тәржімалады.

Кеңшілік Тышқанұлы, ЕҰУ дінтану кафедрасының меңгерушісі:

- Тек қана аудармашы емес, ол сол саланың маманы, сол саладан диссертация қорғаған немесе жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандар. Сондықтан бұл саланың қыр-сырын жақсы біледі. Сол саладағы түйткілді мәселені жақсы түсінетін маман ретінде біз ол мамандарға ешқандай шүбә келтірмейміз. 

Ғалымдар жаңа аударылған кітаптарды еліміздің барлық жоғары оқу орындарына тездетіп жіберудің маңызды екенін атап өтіп, оқулықтар бойынша тәжірибелік семинарлар өткізудің қажеттілігіне тоқталды.

Авторлары: Қанат Базылхан, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы