382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі теракт кезінде ерлік танытқан сарбаздың батырлығы өнеге болып қалады

  • 722
  • UPD: 22:49, 04.05.2018

Ұлттық ұланның Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде Сырым Сүндетовтің ерлігі әлі күнге дейін аңыздай айтылады.

2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбеде болған теракт кезінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген ол, лаңкестердің әскери бөлімді басып алуына жол берместен тосқауыл қоя білді. Өзі 8 жерінен ауыр жараланып, екі ай жансақтау бөлімінде жатты. Бүгінде оның осы ерлігі өзі қызмет ететін бөлімде ғана емес, жалпы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде де үлгі-өнеге ретінде айтылып жүр.

Сырым Сүндетов Ақтөбеде болған теракт кезінде қаладағы 6655 әскери бөлімінде қару-жарақ қоймасында кезекшілікте тұрған болатын. Дабыл қағылсымен сыртқа жүгіріп шығады. Бірақ оқыс оқиға бола қалған жағдайда дабылмен бірге құпия сөз де айтылуы тиіс еді. Олай болмағандықтан сарбаздар бұны кезекті оқу-жаттығу деп қабылдаған.    

Сырым Сүндетов, 6506 әскери бөлім басшысының жастармен жұмыс жөніндегі көмекшісі:

- Мен жаңағы келген 17 адам біздің азаматтық киімдегі офицерлер деп ойладым. Біздің іс-әрекетімізді, дайындығымызды тексеріп кеп тұрған шығар деп. Бірақ лаңкестер бізге оқ жаудырды. Мен сол кезде сол жақ аяғым мен оң жақ кеудемнен жарақат алдым.

Шұғыл әрекетке көшкен жауынгерлер де оқ ата бастайды. Өзі жаралы жатқан Сырым да бір лаңкесті мұрттай ұшырады. Алайда жан-жақтан қаумалаған жау бұларды қоршап алады. Тірі қалғандарын қинап, қару-жарақ қоймасының қайда екенін сұрайды. Сырымның да басына қару тақайды. Аузынан «білмеймін» дегеннен басқа сөз шықпаған оны бауыздап өлтірмекші болады.

Сырым Сүндетов, 6506 әскери бөлім басшысының жастармен жұмыс жөніндегі көмекшісі:

- Екі саусағын мұрныма тығып, басымды көтеріп, мойныма пышағын тақай берді. Сол сәтте екі қолыммен мойнымды жауып үлгердім. Қолымды ала алмаған соң арқамнан 8 жерден пышақтап кетті.

Осылайша лаңкестер «өлді» деп тастап кеткен Сырым, есін жоғалтпауға тырысады. Жедел жәрдем келгенше бәрін біліп жатады. Өткен өмірім мен артық-кем кеткен тұстарым бірден ойыма оралды,-дейді батыр жігіт. Ал бұл кезде бүкіл әлем Ақтөбедегі теракт жайлы жарыса жазып жатқан еді. Суық хабарды алғаш әкесі естиді.

Адырбай Әбжаппаров, Сырым Сүндетовтың әкесі:

- Балаңыз осындай болды. Ауыр жарақат алды деді. Хал устінде дегесін, Үйде ешкандай ойланбастан жүрген бізге өте ауыр тиді. Дәрігерлерге айттым: не керек? Қандай көмек керек? Екі өкпесі жарамайды дейді. Мен өз өкпемді берейін дедім. Күтіңіз. Көрейік деді. 

Хал үстінде жатқан сарбазды авиация көмегімен Астанадағы ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізген. Сонда екі ай жансақтау бөлімінде жатады. Екі өкпесі мен жұлынына күрделі операциялар жасалады. Алғашында дәрігерлер әкесіне балаңыздың жағдайы өте ауыр дейді. Кейін өмір бойы мүгедек болып қалуы мүмкін екенін айтады. Бірақ қолдан келгеннің бәрін жасайды.

Әскери басшылары қолдау көрсетіп, қамқорлық танытады. Осылайша, Құдайдың бұйрығымен, ата-анасы мен бауырларының ақ тілеуінің арқасында арда ұл аунап тұрып, қатарға қосылады.

Бұл Сырым Сүндетов қызмет ететін Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімі. Бұнда ол бір жарым жылдан бері жас сарбаздарға білгенін үйретіп, тәрбие жұмыстарымен айналысады. Ортасына сыйлы, жұмысына жауапты.

Бекасыл Жұрынбаев, 6506 әскери бөлімінің тәрбие саласындағы офицері:

- Бұның қандай қиын кезде де шешім шығарып, қиын жағдайдан шығып кете білуі қазіргі жасөспірімдер мен жауынгерлерге өте үлкен өнеге, ерлік деп санаймын. Сырым өзінің жұмысына өте жауапты адам. 

Сырым Сүндетовпен бірге жұмыс істейтін әріптестері оның бұл ерлігін мақтаныш етіп ғана қоймай, жас сарбаздарға үлгі-өнеге ретінде айтып отырады. Ана сүтін арда емген алтын асықтай ұлдың алар асуы әлі алды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Нұрмақан Мұсатов, Нұрмақан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы