387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын Қоғамдық кеңес қадағалайды

  • 535
  • UPD: 23:09, 04.05.2018

Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын Қоғамдық кеңес бақылайды.

Оның құрамына еліміздегі жетекші партиялардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері және белсенді азаматтар мен сарапшы мамандар мүше болып қабылданды. «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен құрылған кеңестің алғашқы отырысы өтіп, әлеуметтік бағдарламаның іске асу тетіктерін талқылады.  

Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысы енді халықтың назарында болады. Еліміздегі жетекші партиялар мен сарапшы мамандардың басын қосқан Қоғамдық кеңес Елбасы тапсырмаларының уақытылы әрі сапалы орындалуын бақылайды. Алғашқы отырысын өткізген кеңеске төраға болып, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов сайланды. Жиында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қоғамдық кеңестің маңыздылығын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бес әлеуметтік бастаманың орындалу барысына қатысты ақпараттар кеңеске келіп отырады. Сол арқылы біз шешімін күткен түйткілдерді Қоғамдық кеңесте талқыға саламыз және шешу жолдарын қарастырамыз. Жобаның жүзеге асуына жауапты кез-келген шенеунік біздің бақылауымызда болады. Егер олар әлеуметтік бастамаларды уақытында іске асырмаса «Нұр Отан» партиясы жауапты тұлғалардың салғырттығына қатысты мәселе қозғайды. Біз Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асуына кедергі келтіруге немесе жобаның созылып кетуіне жол бермейміз. 

Жиын барысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов үкімет бекіткен жол картасына тоқталды. Әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру мақсатында төрт кодекс пен 12 заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Ал ипотекалық несиелер шілде айынан бастап беріле бастайды. 

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Ұлттық банк мамыр айынан бастап «7-20-25» бағдарламасын іске асыруға кірісті. Банктер бағдарлама шарттарымен 2018 жылдың екінші жарты жылдығында жаңа ипотекалық несилеуге кіріседі. Бағдарлама бастапқы тұрғын үйге арналған. Сонымен бірге бағдарламаға екінші тұрғны үйлерді енгізу мүмкіндіктері қарастырылатын болады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық кредиттер сатып алу үшін Ұлттық банк арнайы еншілес компания құрды. Ол 2018 жылдың шілдесінен бастап жұмыс істейді. 

Отырыста саяси партия мен қоғамдық бірлестік өкілдері сөз алып, әлеуметтік бастамалардың орындалу барысына қатысты өз пікірлерін білдірді. 

 Әли Бектаев, «Ауыл» ХДП партиясының төрағасы:

- Осы жасалып жатқан бағдарламалар ертең қабылданатын іске асатын құжаттардың барлығында халыққа түсінікті нәрселер айтылуы керек. Егер біз қиын терминдерді пайдаланып, егер біз соның іске асыру жолдарын қиындатып жіберетін болсақ, тиісті жетуі қажетті категорияларға сол қаражаттар жетпейді. Тағы да соны түсініп жүрген, бұрыннан несие алып жүрген азаматтар пайдаланып кетеді.     

Қоғамдық кеңестің жұмысын ұйымдастыруды «Нұр Отан» партиясы қамтамасыз етеді. Бес әлеуметтік бастаманың әр бағыты бойынша құрылған жұмыс тобының қызметін партия хатшылары үйлестіретін болады.

Хабар 24 телеарнасы