384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда самбодан халықаралық турнир басталды

  • 560
  • UPD: 10:15, 08.05.2018

Самбошылардың бір тобы Алматыға жиналды.

Жеңіс күні мен Астана қаласының 20 жылдығына арналған ашық республикалық турнир екі күнге созылды. 9 салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен үміткерлер арасында кіл мықтылар топ жарды.

Алматы қалалық самбо федерациясының және «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ «Динамо» спорттық ұйымының бірлесе ұйымдастырған жарысы өте жоғары деңгейде өтті. Республикалық ашық турнир болғандықтан, бұл сынға еліміздің барлық өңірімен қоса көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан және Тәжікстан мен Беларусь елдерінен де үміткерлер қатысты. Қазақ самбосының керағасы Керей Қойшыбек жарыстың ашылу рәсімінде өз өнерімен талайды тамсандырды. Жасы келсе де қайраты қайта қоймаған ардагер спортшының қазақ самбосына берері әлі де мол екені көрініп тұр. Даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың тамаша тілегі спортшыларды бір жігерлендіріп тастағаны анық.

Рүстем Қайдаров, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Бүгінгі осы жарысқа жалғыз генералдарға ғана емес, қазақстандықтар әлем чемпиондары, Қазақстанның чемпиондары келіп отыр. Сондықтан Президентіміз Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес келіп отыр. Біз бабаларымыз бен әкелерімізді құрметтеп, сол кісілерге арнап осындай жарыс өткізіп жатырмыз.

Самбо мен жауынгерлік самбоның жілігін шағып, майын ішкен мықтылар екі күн бойы «Достық» спорт кешенінде төселген боз кілемнің шаңын қақты. 300-ден аса үміткердің арасынан бабы келіп, бағы жанғандар топ жарды. Жергілікті жанкүйерлер алдында жігіттеріміз намысты қолдан берсін бе. Тайбек Омаров пен Темірлан Оразов, Еламан Төреханов пен Жалғас Оспанов және Темірлан Ихсанғалиевтер жауынгерлер самбода қарсылас шыдатпады.

Бақтияр Құнақынов, самбодан Алматы қаласы федерациясының президенті:

- Осы жарыстың бірінші рет болғанына қарамастан, жарысқа қатысушылардың саны 300-ден артық болып жатыр. Келешекте бұл жарысты әр жылы өткізуге атсалысамыз. Дәстүрлі жарысқа айналдырғымыз келеді. Соған орай осы жарыстың келешекте спорт шебері деген дәрежеге жеткізу ойымызда бар. Бірінші орын алғандарға спорт шеберін дәрежесін беруге тырысамыз. 

Самбошылар сайысында Әлмұхан Орынбаев пен Саят Шамшиев, Әбдіқасым Сахан мен Наурызбек Майлашев және Мирас Бауберіков өз салмақтарында чемпион атанды. 57 келіде қырғыз елінің намысын қорғаған Азат Аманбеков жеңіс тұғырынан көрініп, айырқалпақты ағайындар Қазақстан құрамасынан кейін командалық сында 2-орынға жайғасты.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Қанат Қаматаев 

Хабар 24 телеарнасы