387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жұбайы перзентханада көз жұмған азамат баласының өміріне араша түсуді сұрап отыр

  • 486
  • UPD: 19:50, 27.06.2018

Жұбайы перзентханада қайтыс болған Сапар Әміртай тілшілерге сұхбат берді.

Қайғыдан қан жұтқан әке енді баласының өмірін сақтап қалу үшін денсаулық сақтау министрінен көмек сұрады. Айта кетейік, өткен аптада Астанадағы номері бірінші перинаталды орталықта екі бірдей келіншек босанғаннан кейін көз жұмды. Бұл жағдай жұрттың жағасын ұстатты. Қайғылы оқиғаға не себеп? Яки кім кінәлі? 

Шілдехана тойына дайындалып жүрген Сапар Әміртай үшін маусымның 21-і қаралы күн болды. Қапыда жұбайынан айырылып, қабырғасы қайысып отыр. Жарының денсаулығы 9 ай бойы жақсы болғанын айтқан Сапар, әйелі босанғанда да қасында болыпты. Алайда көп ұзамай, келіншегі ажал құшқан. Нәрестесі қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Сәбиді аман алып қалу үшін әке министр Біртанов мырзадан көмек сұрады. 

Сапар Әміртай, марқұмның жолдасы:

- Денсаулық сақтау министрі Біртанов мырзадан көмек сұраймын. Өйткені сол кісілердің қолдарында бар ғой. Көмек сұраймыз енді. Қандай дәрігерлер, қандай дәрілер керек. Сол бойынша. Өйткені балалар реанимацияда қиын жағдайда жатыр. Қарап тексеру керек. Қарап тексергесін мүмкін енді жақсарып кетеді бала оянып. Өмір көру керек бала.  

Қос ананың өліміне не себеп? Бұл сұраққа дәрігерлер жарытып жауап бермеді. Айтқандары қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Нәтижесі он күннен соң дайын болады. Сондықтан тіс жарғылары жоқ. 

Сәуле Мұқышева, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

- Заң бойынша гистология келгенше 10 күн болады. Сол 10 күннің ішінде біз тырысамыз соны тездетіп бітіруге. Өзіміз де қобалжып отырмыз. Шокта отырмыз.  

Қайтыс болған қос ананы да жоғары білікті дәрігерлер босандырыпты. Бүлдіршіннің екеуі де қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр тұрақты деп бағалануда. Атап өтейік, номері бірінші перинаталдық орталықта мұндай қайғылы оқиға осыдан екі жыл бұрын да тіркелген екен. 

Қорған Төреқожа, тілші:

- Қайғылы оқиғаға байлынысты Сапар Әміртай Астана қалалық ішкі істер департаментіне арыз жазған. Ал жұбайын өткен сенбі күні жерлепті. Топырағы кеппеген ананың артында жансақтау бөлімінде жатқан сәбиден бөлек екі жарым жастағы қызы қалды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы