389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік шаруалар асыл тұқымды мал басын арттырып келеді

  • 1047
  • UPD: 20:48, 03.07.2018

Ақтөбелік шаруалар асыл тұқымды малдың толайым табыс көзі екенін түсінді. Соңғы 5-6 жылда мұхиттың арғы жағынан мыңдаған бас сиыр әкелінді.

Мысалы, Хромтау ауданының Қопа ауылындағы «ет кластері»  шаруашылығы жақында 2500 бас «ангус» тұқымды сиыр әкелді. Жалпы биыл 7 мың бас ірі қара жеткізуді жоспарлап отыр.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Мұхиттың арғы жағынан 20 күн жол жүріп жеткен ірі қара қазір 20 күндік карантинде тұр. Осы жерде әрқайсынан қан алынып, түрлі инфекцияға тексереді. Осы жерде жергілікті климатқа үйреніп, кішкене салмақ қосады. 

Шаруашылықтың өзінде 10 мыңға жуық ірі қара бар. Бұған дейін Канададан 2500 бас сиыр әкелді. Асылтұқымды малдың басы көбейіп жатыр. Бұл кешен репродуктор болғандықтан төлін басқа шаруашылықтарға сатып, жергілікті малды асылдандыру шараларын жүргізеді. Одан бөлек, сапалы ет экспортқа шығарылады. Шетелдік сиыр тұқымының өсімі тез, өнімі мол. Жергілікті климатқа да төзімді. Таза жем-сумен бағылатын ангус бұзаулары күніне 1,5 келі салмақ қосады. 1 жасар қашардың таза салмағы 4 00 келіге дейін барады.

Оразақ Самұратов, ет кластері кешенінің директоры:

- Қашарлай сатамыз, асылтұқымды бұқаларды сатамыз. Сол арендаға береміз осы жерден береміз, қашарларды арендаға береміз. Былтырдан бері осы бағдарлама басталды. 1328 басты былтыр шаруа қожалықтарына тараттық.

Кешенде әрқайсысы 150 сиырға  арналған 40 шақты қора бар. Барлығына  жарық, жылу жүргізілген. Ветеринарлық тексеру мен ен салу автоматты қондырғымен жасалады. Кәсіпкер шаруашылықты ашқан жылы қажетті жабдықтарға 20 млрд тенге инвестиция құйған. Өңір экономикасы үшін маңызды жобаға ауылшаруашылығын қаржылай қолдау компаниялары жеңілдікпен несие берген.

Құсайын Сәрсенбаев, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

- Жаңа фермалар қосуымыз керек, 200 ірі қарамен айналысатын ферма қосуымыз керек. 10 мың бас ірі қара сатып алуымыз керек. Оның бәрі импорттық ірі қара болуы керек. Сондықтан, осы әкелінген малды якорлық серіктестерге таратып беріп, осы малды ары қарай көбейтуді ойлаймыз. 

Ақтөбе өңірі асыл тұқымды мал санын көбейтуге бет бұрды. Арысы Америкадан, берісі Ресейден мал тасып жатқан шаруалар көп. Ірі қара басы биыл 7,2 пайызға өскен.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы