369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да егін орағы қарсаңындағы жанармай бағасы шаруалардың шымбайына батып отыр

  • 179
  • UPD: 10:05, 19.07.2018

Батыс Қазақстан облысында егінге орақ түсті. Астықты алқаптардың өнімділігі диқандарды қуантпай отыр.

Күздік бидайдың орташа түсімі гектарына 6-7 пайыздан ғана келсе, жаздық бидайдың басым бөлігі аптап ыстықта күйіп кеткен.

Соңғы жылдары батысқазақстандық диқандар бұрын-соңды болмаған бітік егін өсірді. Былтыр күздік бидайдың орташа өнімділігі гектарына 26 центнерден айналса, жаздық бидайдың да түсімі жаман болған жоқ. Бірақ биыл табиғат оң қабақ танытпады. Мамыр мен маусымның алғашқы жартысында күн салқын болса, артынша күрт ысып кетті. Соның салдарынан бидай бойын жазып, басын көтере алмады. Міне, астықты алқаптарға енген дала кемелерінің бүйірі шығып, бункері толуы мұң болып тұр.

Есім Абусиықов, механизатор: 

- Кеше, алдыңғы күні қарабидайға кірдік. Екі-үш күн турасында күздік ақ бидайға кіріп, бірен-саран жақсы жерлер болды соны жинап. Былтыр жақсы болды, биыл шамалы.

Теректілік кәнігі диқан Сәлімбай Мәдиевтің 4 мың гектар егіс алқабы бар.  Кейінгі кезде ол егінді әртараптандыру мақсатында майлы дақылдар егуге ден қойыпты. Күнбағыспен қатар қуаңшылыққа төзімді болғандықтан мақсары егеді. Күрт  континенталды ауа райында егіспен қоса мал шаруашылығын да дамытқан дұрыс деп санайды.

Сәлімбай Мәдиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Енді биыл сүдінін көріп тұрсыз, мына қарабидайды кішкене жинап аламыз дейміз. Арпа да, ақ бидай да жинауын жинаймыз, өнімділік 2-3, әрі кетсе 4-тен аспайды. Жоқ биыл. Қара бидай 6-7 берер.

Батыс Қазақстан облысында биыл 500 мың гектардай алқапқа түрлі дақылдар егілген еді. Жауынсыз жаздың салдары тек бір ауданда емес, облыс көлемінде де сезіліп отыр. 

Айнұр Лұқпанова, Теректі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Былтыр жаздық дәнді дақылдар орташа өнімділігі 14 центнер гектарына болса, биыл шаруашылықтардың айтулары бойынша 4-3, әрі кетсе 5 центнер көрсетіп отыр. Ал күздік дақылдар былтыр 27 центнерді көрсетсе, биыл 5-6. 

Жығылғанға жұдырық, егін орағы қарсаңында дизельді отынның құны қымбаттауы да ырыздығын жерден іздеген шаруаларға оңай тимей тұр. Осы көктемде ғана әр литрі 141 теңгеден берілген арзандатылған солярканың бағасы енді 155 теңгеден белгіленіпті.

Сәлімбай Мәдиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

 - Бір бағамен ұстау керек қой. 141 болды сол 141. Менің түсінігім бойынша  бір жылда тендерде жеткізуші бойынша екі рет ойналады. Көктемгі жұмыстарға, сосын егін орағына. Соған байланысты бағаны өзгертіп тұрған. Жазғытұры бір тендер ойнатып, біреуін қойса баға өзгермес еді.

Ауылшаруашылығын дамытуға елімізде жіті көңіл бөлініп келеді. Тек өткен жылы өңірде осы салаға 10 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған. Осы мемлекеттік қолдаудың арқасында диқандар қуаңшылықтың зардабын тартпаспыз деп сенеді.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Осы категория бойынша: « Өскеменде полицей баланы биіктен құлаудан аман алып қалды Алматы облысындағы агропаркте өздігінен жүретін комбайндар мен дрондар таныстырылды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы