374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үржар ауданының диқандары су тапшылығының зардабын тартып отыр

  • 247
  • UPD: 23:19, 20.08.2018

Шығыс Қазақстан облысында келесі жылдан бастап 6 ірі су қоймасын қайта жаңғыртылып іске қосылады.

Олардың ішінде сыйымдылығы 55 миллион текше метр болатын Қарақол су қоймасы да бар. Құрылысы жарты ғасыр бұрын басталып, аяқталмай қалған нысанның Үржар ауданындағы диқандар үшін маңыздылығы жөнінде біздің арна тілшілері бұрын да мәселе көтерген болатын. Енді міне, жобалық-сметалық құжаттар жасап, құрылысты жандандыру Үкімет деңгейінде бақылауға алынды.

Шолпан ауылының еңбекқор халқы ежелден қауын-қарбыз салумен айналысып келеді. Бүгінде мұндағы 40-қа жуық шаруашылық бақша өнімдерін өсірумен шұғылданады. Солардың бірі – Уәлихан Өсімханұлы. Биыл қуаңшылық пен су тапшылығына қарамастан гектарынан 25 тонна өнім жиналып жатыр.

Уәлихан Өсімханұлы, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Қауындарымызды қарасаңыз, қазір міне, ағарып жатыр. Судың жоқтығына байланысты. Егер су мол болып тұрса, мынандай болмас еді. Кішкене салмақтырақ болып, 10-15 келі, одан да жоғары болар еді деген ойдамыз. Су толық жетпейді, сондықтан біз жерімізді өткізіп тастадық. Қазір 23 гектар ғана қалды, 25 гектарын өткізіп тастадық. Егер плотина бітсе, онда біз қайтадан қайтарып алып, егінді де, картоп, сәбізді де егуге болар еді.

Дулат Ибраев, Шолпан ауылдық округінің әкімі:

- Мұнда көкөністің бірнеше түрін егуге болады. Ол өнімдер тамыз, қыркүйек айларына дейін суды қажет ететін өнімдер. Ал су тапшылығына байланысты бізде бір шаруа қожалығы көп гектарды егіп тастайды да, ол бір уақытта пісіп, кейде ол салмақ болады сатып, өндіруге. Егер арасын 10 күннен бөліп-бөліп, кезең-кезеңмен ексе, онда шаруа қожалықтары, диқандарымыз өнімнің астында қалуға толық мүмкіндік бар.

Шынымен де су тапшылығы мәселесі шаруалардың қолын байлап отыр. Салдарынан осы ауылдың игеруге болатын 3 мың гектар жерінің тек қана оннан бірі ғана іске жарап жатыр. Барлық гәп – жоғарыда орын тепкен Таскескен ауылындағы Қарақол су қоймасының құрылысында. Енді Үкімет бұл мәселені өз назарына алды.

Ислам Әбішев, ҚР АШМ су ресурстары комитетінің төрағасы:

- Ұлттық экономика министрлігі ұсынысымызды қолдап, қазір біз жобалық-сметалық құжатқа керекті қаржыны бөлгізгелі отырмыз. Жалпы мәселе бақылауда. Мен ойлаймын, 2020 жылдың аяғында бітіре алмасақ, 2021 жылдың егістік науқанына дейін бітіреміз.

Сыйымдылығы 55 миллион текше метр болатын су қоймасын толық салып бітіруге 4,5 миллиард қаражат қажет. Нысан іске қосылса, осы маңайдағы 15 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдыруға болады.

Болат Көкенайұлы, Twitter@bolekekokenay:

- Негізі өткен ғасырдың сонау 80-жылдары қаланған мына алып су қоймасын «ғасыр құрылысы» деуге әбден болады. Егер нысан өз уақытында іске қосылатын болса, бұл жерде тек қана суармалы жерлерді игеріп қана қоймай, сонымен қатар қуаты 5 мВт болатын шағын су электр стансасын да салуға әбден болады. Яғни төмендегі бірнеше елді мекенді арзан электр қуатымен қамтуға болады деген сөз.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Осы категория бойынша: « Елордада нөсер салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр Мәжіліс депутаттары биотехнологиялық орталықта болды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы