367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында сауыншылар мен малшыларды роботтар алмастыруда

  • 571
  • UPD: 12:19, 22.08.2018

Ордабасыдағы тауарлы сүт фермасы роботтық технологияны өндіріске енгізді.

Бастапқыда сауыншыны құлтемір алмастырған, енді сиырлардың жем-шөбін де робот реттейді. Ферма алғашында швециялық құрылғымен сүт өндіріп келсе, бүгінде Нидерланд елінен әкелінген робот-сауыншылармен жабдықталып жатыр. Өз өнімдерін өңдеуге көшкен  өндірістің сүт зауыты тағы бар.

Фермадағы Мажарстаннан әкелінген Голштин тұқымды сүтті сиырлар тәулігіне 10 мың тонна сүт береді. Қазір қорадағы мал басы өскен. 900-ден астам ірі қараның 400 басы сауылады. Бір құлтемір-сауыншы тәулігіне 60 сиырды үш реттен сауады. Зеңгі баба тұқымы көбейгеннен соң, фермада сиыр тұратын кешеннің де саны артқан. Жаңа қораларға Голландиядан әкелінген роботтар қойылыпты. Мұнда барлығы автоматтандырылған. Бұл, бір жағынан, сиырлардан сүтті көбірек алуға жағдай жасайды.

Абылай Әбішев, серіктестік директорының орынбасары:

- Бұл роботтардың айырмашылығы, қазіргімен салыстырғанда біршама арзан. Алдыңғы роботтар бір сиырды 7-8 минут сауса, бұл 5 минутта сауады. Бір роботқа 60 емес, 70 сиырдан келіп отыр. Енді 4-қораға осы екі роботты қойдық. Қазір іске қосып жатырмыз. Алдағы уақытта көңілден шықса, жылдан-жылға сиыр басы көбейгендіктен 5-6-қора саламыз деп жоспарлап отырмыз.

Бұрындары қорада бұл жұмысты әр сағат сайын бір маман атқаратын. Ал қазір жұмысшының еңбегін робот алмастырған. «Малшы» деп аталатын бұл құрылғы, яғни сиырдың жем-шөбін жинайды, тазалайды. Сондай-ақ дұрыс тамақтануын қадағалайды.

«Малшы» аталып кеткен бұл робот 20 минут жұмыс жасап, 40 минут қуат көзінен нәр алады. Салмағы 600 келіге жететін құрылғы әзір елімізде осы фермада ғана бар. Кәсіпорын қазір өз өнімдерін өздері өңдеуге көшкен. Мұнда айран, қаймақ, құрт, тіпті ірімшікке дейін дайындалады. Зауыт тәулігіне 50 тонна сүт өндіруге қауқарлы. Ең бастысы, дайын өнімдер таза әрі ешбір қоспасыз. Бұларды 7-15 күн аралығында салқын жерде сақталады. Сүт зауытқа жеткізілгеннен бастап зертхана бақылауында болады.

Нұрсұлтан Жолжанов, сүт зауытының сапаны қадағалау бөлімінің басшысы:

- Жоспарымыз – зауыт көлемін ұлғайту. Біздің бөлімнен микробиологиялық бөлім ашу. Ол біздің жұмысымызды жеңілдете түседі және өзіміздің ұйытқыларды өндірсек деп жатырмыз. Ол тауарымыздың сапасын ұлғайтып, өзіндік бағасын біршама түсірер еді.

Серіктестік алдағы уақытта бұқтырылған сиыр етін дайындайтын зауыт салуды жоспарлап отыр. «Ал түпкі мақсат – сан емес, сапаға мән беру», – дейді кәсіпорын жетекшілері.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Осы категория бойынша: « «Армия-2018»: Қазақстан заманауи қару-жарақ және техника үлгілерін ұсынды Астанада 2 мыңға жуық адам заңды баспаналарына қол жеткізе алмай жүр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы