385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында озық технологиялы нысандар ел игілігіне берілді

  • 723
  • UPD: 13:10, 30.11.2018

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырында бірнеше маңызды индустриялық нысандар пайдалануға берілді.

Қызылорда облысындағы «Арал», сондай-ақ «Қазақстан-Қытай» магистральді газ құбырының «С» желісінде №5 және №7 компрессорлық станциялары онлайн режимде іске қосылды.

Технологиялық тұрғыдан іркіліссіз газ тасымалдауға мүмкіндік беретін нысандар «ҚазТрансГаз» компаниясының Бірыңғай диспетчерлік орталығында іске қосылды. Шараға қатысқан энергетика министрі компрессорлардың инновациялық қондырғылармен және кешенді көмекші жүйелермен жабдықталғанын атап өтті.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Қазақстан-Қытай магистральдық газ құбырының № 5 және № 7 екі компрессорлық станциясын пайдалануға енгізу «С» желісінің өткізу қабілетін жылына 20 млрд текше метр газдан 25 млрд текше метр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл ретте «А», «В», «С» желілерінің жиынтық қуаты жылына 55 млрд текше метр газды құрайтын болады. Осылайша біз транзиттік әлеуетімізді ұтымды пайдалана алдық. 

«Арал» компрессорлық станциясы Арал ауданының Сексеуіл кенті маңынан 7 айдың ішінде салынды. Нысанның іске қосылуы елдің оңтүстік өңірлерін үздіксіз көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді. 

Қайрат Шәріпбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Оңтүстікке бүгінгі таңда 10 млрд газ тасымалдасақ, осы компрессорлар қосылғалы бері 15 млрд текшеге жеткіземіз. 15 млрд текшенің 5 млрд текшесі оңтүстік Қазақстанға кететін болса, қалғаны Қытайға экспортқа кететін жағдайға жетіп жатырмыз. Соның бәрі Елбасы күніне арналып, 1 желтоқсанға арнап, келтіріп отырмыз.

Қырымбек Көшербаев, облыс әкімі:

- Жақын арада 1-2 жетіде «Қорқыт ата» компрессорлық станциясын да іске қосады. Сонымен бірге Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қараөзек» компрессорлық станциясынан бастап Астанаға қарай Сарыарқа магистральды газ құбырының құрылысы басталып, Елордаға көгілдір отын жеткізетін жобаның басталуының куәгері боламыз. Осының бәрі тәуелсіз еліміздің қалай қарқынды дамып келе жатқандығының дәлелі.

«Газ келсе, жаз келді» деп қабылдайтын өңір тұрғындары үшін көгілдір отынның әлеуметтік маңызы ерекше. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ірі құбырлық жоба бойында отырған аралдықтар газдың игілігін көргендеріне және жаңа жұмыс орындарының ашылғанынан қуанышты. № 5 және № 7 екі компрессорлық станцияны пайдалануға беру Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан және қытайды біріктіріп тұрған «Орталық Азия-Қытай» трансазиялық магистральды аяқтайды. Мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін арттырған алып жоба аясында бірыңғай газ тасымалдау жүйесі құрылып, сыртқы нарыққа экспорт көлемін ұлғайтуға жол ашылды. Сарапшылардың пікірінше Ұлттық оператор экономикалық өсімге қол жеткізіп отыр. 2018 жылдың 9 айында «ҚазТрансГаз» компаниясы 693 млрд теңге пайда тапқан. Түсімдер көрсеткіші өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 156% артық. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы