389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда көктайғақтан 50 адам ауруханаға түсті

  • 538
  • UPD: 23:26, 24.12.2018

Ақтауда көше бойы көкала мұз.

Бүгіндікке 50 адам жарақаттанып ауруханаға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Көліктердің жүруі де қиынға соғып отыр. Тұрғындардың айтуынша, қалаішілік автобустардың бірқатары бүгін өз бағыттарына шықпаған.

Қысы жылы болатын шаһар тұрғындарын күтпеген көктайғақ әбігерге салды. Көк мұздан көліктер тайып, діттеген жеріне жете алмай қалды. Темір тұлпарын басқара алмаған 5 жүргізуші жол апатына тап болды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Ал облыстық аурухананың травматология бөліміне таңғы 8-ден бері 50 адам түрлі дене жарақатымен түскен. Оның он шақтысы ауруханаға жатқызылды.

Мұса Әміров, қала тұрғыны:

- Баспалдақтан құлап, басымды жарып алдым. Дәрігерлерге келдім, көмектесіп жатыр. Рентгенге түстім.

Людмила Шведова, қала тұрғыны:

- Таңертең шаштаразға барайын деп үйден шыға бергенім сол еді, тайып жығылып, қолымды сындырып алдым. Гипс салып берді. Енді көшедегі көк мұздан үйге баруға қорқақтап отырмын.

Қала көшелері, үй аулалары мен баспалдақтардың бәрі мұз құрсауында қалды. Тіпті түйе мен жылқы сияқты ірі қаралар да жүре алмай жүр. Ал кей тұрғындар мұздың қатуын пайдаланып, коньки тебуде.

Ал қаланың коммуналдық шаруашылық қызметі табиғаттың тосын мінезімен күресуде. 50 тонна тұз бен 40 тонна құм себілді.

Көк мұздан көліктер тұрмақ адамның жүруі қиындап тұр. Міне, қазір жаңбыр қайта жауа бастады. Демек алдағы түнде де көктайғақтан келетін қауіп күшейе түспек. Синоптиктердің болжауынша, мұндай ауа райы тағы 2 күнге жалғаспақ.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы