389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбылдық 75 отбасы жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алды

  • 701
  • UPD: 20:00, 01.01.2019

Жамбыл облысы Шу қаласында 75 отбасы баспаналы болып, 2019 жылды өз шаңырақтарында қарсы алды.

Пәтерлер бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға беріліп отыр. Қазір шаһарда кезінде иелері тастап кеткен көпқабатты тұрғын үйлер қайта жөнделіп, кезегі келгендер шетінен алып жатыр. Бұл жұмыстар мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасы аясында қолға алынды.

Бақытжан Дәуітов үш бірдей мүмкіндігі шектеулі жанға қарайласып, оларға қамқор болып отыр. Әйелі бірінші, ал баласы мен келіні екінші топ мүгедегі. Ол ұлын кезекке тұрғызып, 2 бөлмелі пәтер алуына жәрдемдесті. Құжаттарын өзі рәсімдеді. Көпбалалы әке баспаналы болғандарына ерекше қуанышты.

Бақытжан Дәуітов, Шу қаласының тұрғыны:

– Қуанышымда шек жоқ. Екі бөлмелі үй алып жатырмын. Өзімнің 10 балам, 33 немерем, 1 шөберем бар.

Жаңа жылды жарық әрі жылы үйде қарсы алғандардың қатарында бюджеттік мекеме қызметкерлері де бар. Спорт мектебінің жаттықтырушысы Мақсат Беріков 8 жыл бойы кезекке тұрып, пәтерлі болды.

Мақсат Беріков, Шу қаласының тұрғыны:

– Бұған дейін әке-шешеммен тұрдым. Үйіміз кішкентай болды.

Тоқырау жылдары иелері тастап, бұл үйлер қаңырап бос қалған. Қазір осындай 75 пәтерлі 5 тұрғын үй бар. Оның біреуі жөнделіп, ел игілігіне беріліп отыр. Қалғанын алдағы жылдары қайта жаңғырту жоспарда бар. Ол жүзеге асса, тағы 300 адам баспаналы болмақ.

Қайрат Досаев, Шу ауданының әкімі:

– Ол үйлердің барлығын соттың шешімімен өзіміздің балансқа алдық. Енді құжаттарын рәсімдеп жатырмыз. Құжаттары дайын болған жағдайда оның бәрін келесі жылға жоспарлап отырмыз.

Бүгінде Шу ауданында 700 адам үй кезегіне тіркелген. Ал жер кезегіндегілер саны 6 мың адамнан асады. Осы мәселені шешу үшін ауданда 2400-ге тарта тұрғынға жер телімі үлестірілмек. Бұл бағытта Шу қаласында 258, Алға ауылынан 25, аудан орталығы – Төле би ауылынан 147 гектар жер қарастырылып отыр. Қажетті инфрақұрылым құжаттамалары дайын. Енді тек су құбырларының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы