429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда жетімдер үйінің 10 түлегі бір бөлмені паналауға мәжбүр

  • 1965
  • UPD: 21:41, 13.01.2019

Қостанайда жетімдер үйінің 10 түлегі бір бөлмені паналап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар кәмелеттік жасқа толған күннен бастап далада қалған. Тұрғын үй кезегінде бар, бірақ кезектің жылжитын түрі жоқ. Жанашыры жоқ жастардың қиын жағдайынан билік хабардар.

Бүгінде облыс орталығында 2 мыңға жуық жетім бала пәтер кезегінде тұр. Ал соңғы 3 жылда бар болғаны 104 адам ғана баспанаға қол жеткізген.

Николай Жиделев – жетімдер үйінің түлегі. Ол әйелі және кішкентай баласымен жалдамалы пәтерде тұрады. Қытымыр қыста оның шаңырағы ондаған жасөспірім үшін пана болады. Николай өзі сияқты тұлдыр жетімдерді далада қалдырғысы жоқ. Уақытша қамқорлыққа алудан бас тартпайды.

Николай Жиделев, балалар үйінің түлегі:

– Қыс келсе, олар мені іздеп келеді. Бәріміз балалар үйінде бірге өстік. Көптен танимыз. Менің үйімнен басқа қайда барады. Былтыр 17 адам бір бөлмеде тұрғанбыз.

Мұндағылар тату тұрады. Бірі жүк тиеуші, екіншісі күзетші. Әрқайсысы тапқан нәпақысын азық-түлікке жұмсайды. Баспанасының бір қуысын беріп отырған Николайға жәрдемдеседі. Ал қыздар ас әзірлеп, кір жуады.   

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Мынау шағын бөлменің аумағы – 15 шаршы метр. Мұнда күндізгі уақытта 10, ал түнде 15 адам паналайды. Ал мына шағын төсекте 5 адам түнеуге мәжбүр екен.

Әсем Шампейісова, балалар үйінің түлегі:

– Коляның қасында осы жерде тұрамын. Жұмыс істеймін. Балалармен осында қонамын. Мына жаққа балаларымды әкеле алмаймын. Өйткені басқа да балалар бар. Өзім қысыламын. Сондықтан уақытша сонда бердім.

Жанашыры жоқ жастардың бір ғана өтініші бар. Ең болмағанда жатақхана бұйырса дейді. Олар мемлекеттік тұрғын үйден үміттерін әлдеқашан үзген. Кейбіреулері, белгісіз себептермен баспанаға үміткер тізімінен алынып тасталған. 

Рафаэль Гасанов, Қазақстандағы балалар үйі түлектері қауымдастығының төрағасы:

– Заң жүзінде оларға тұрғын үй берілу міндетті. Әсіресе, қыста әр жерде шашылып жүрмеулері тиіс. Мейлі олар ай сайын 10 мың теңге төлесін, бірақ уақытша баспана беру шұғыл шешімді қажет етеді.

Мәселе көп күттірмей шешімін тапты. Қалалық әкімдік Қобыланды батыр көшесіндегі бес пәтердің кілтін жетімдерге беретін болды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы