435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда шығарылған қар көлемі 330 мың текше метрден асты

  • 1088
  • UPD: 22:20, 22.01.2019

Орал қаласын да бұрын-соңды болмаған қалың қар басып қалды.

Қазір коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс тәртібіне көшті. Халық та қалыс қалған жоқ. Қолдарына күрек алып, көшелереді ақ ұлпадан аршуға ерікті түрде жұмылған.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Биыл аймаққа ақ ұлпа өте мол түсті. Қазір даланы былай қойғанда, қаладағы қардың қалыңдығы да таңқаларлық. Қазір тұрғындар аулалардағы қарды өз күшімен көшеге үйіп жатыр. Кейін арнайы техниканың көмегімен қала сыртына шығарылатын болады.

Мамандар биылғы қыста түскен қардың мөлшері рекордтық көрсеткішке жетті деп отыр. Яғни санаулы күндерде жауын-шашынның 1 айлық мөлшері түскен. Синоптиктердің айтуынша, қала аумағына түскен қардың қалыңдығы 41 сантиметрге жетті.

Орынбасар Бисенғалиев, қалалық түкш және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Бүгінгі таңда орал қаласы аумағынан 330 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. Енді жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде. Кешегі жауған қар көлемі екі апталық нормадан да асып кетті. Қала тұрғындарын осы іс-шараға атсалысуын сұраймыз.

Қаңтар айы басталғаннан бері облыста жергілікті әкімдіктердің көмегімен 146 көлік құтқарылған. Бірыңғай жедел-құтқару қызметінен халыққа қолайсыз ауа райы жөнінде 43 sms хабарлама жіберілді. Дәл қазіргі уақытта қар құрсауында қалған шалғай аудандарға көмек беру шаралары қолға алынды.

Бауыржан Айтмағамбетов, облыстық жолаушылар көлігі автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Жәнібек ауданы бойынша К-700 және автогрейдер техникасы көмекке беріліп, ауылдарға жол аршу бойынша жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер компаниялардан арнайы қар тазалау техникалары бөлініп, бүгінгі күнге 2 техника жоспарланып отыр. Алдағы уақытта қиындық туғызған жағдайда қосымша техника жіберілетін болады.

Ауа райын болжау орталығы мамандарының айтуынша, осы аптаның соңына қарай ауа температурасы 25 градусқа төмендеп, тағы да қар жауады деп болжанып отыр. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы. Руслан Газизов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы