388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері қанша есеге өсті?

  • 1561
  • UPD: 22:21, 22.01.2019

Биылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері бір жарым есеге өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, 28 мыңға тағы 14 500 теңге қосылды. Енді тәулігіне 8 сағат жұмыс істейтін қызметкерлерге 42 500 теңгеден төмен жалақы төлеу заңға қайшы.

Елімізде биылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есеге, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге өсті. Бұл өзгеріс 1 млн 300 мың адамның жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. Ол үшін республикалық бюджеттен жыл сайын 86 миллиард теңге бөлінеді.

Гүлнар Әлімбекова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры:

– Еңбек заңнамасына сәйкес қызметкердің ең төменгі айлық жалақысы бекітілген нормадан аз болмауы тиіс. Осыған орай жыл басынан бастап айлық еңбекақысы төмен жұмысшылардың жалақысы өсетін болды. Атап айтсақ, бюджеттік сала мамандары мен азаматтық қызмет өкілдерінің еңбекақылары ұлғайтылмақ.

Сондай-ақ биылғы жылы бюджеттік мекемелердегі 275 мың қызметкердің еңбекақысы да ұлғаяды. Мәселен, елорданың емханаларындағы дәрігерлерінің еңбекақысы 30 процентке ұлғайған. Ал стационар бөлімінде жұмыс істейтіндердің жалақысы 60 процентке көбейді.

Қамалжан Надыров, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Биылдан бастап жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгіздік. Оның көлемі бұрынғы еңбекақыдан 50 процентке жоғары. Жыл басынан бастап бас дәрігер жұмыс ауқымына қарай ай сайын шамамен 350 мыңнан 550 мың теңгеге дейін жалақы алатын болады. Мерекелерге орай ақшалай сыйақы берілмейді. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша медициналық мекемелер нәтижелі жұмыс істегендерін көрсетсе, кредиторлық қарыздары болмаса, олар бонустық жүйемен тағы да еселенген көлемдегі жалақыға ие болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елде 1,5 миллион адам ең төменгі жалақы алып отыр. Мұның ішінде жекелеген ұйымдарда жұмыс істейтіндер де бар. Осыған орай 130 мыңға жуық жұмыс беруші 705 мың қызметкерінің жалақысын көтеруге әзір. Осылайша, кәсіпорындарда ең төменгі еңбекақы алатын жұмыскерлердің орташа жалақысы 18% өседі.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Иван Тулинов, Татьяна Ковалёва, Ирина Панфилова

Хабар 24 телеарнасы