384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 22 мың жас маман мемлекеттік қызметте істейді

  • 804
  • UPD: 10:34, 23.01.2019

Қазақстанда мемлекеттік аппараттың 4/1 бөлігін жастар құрайды. Бүгінде 22 мың жас маман мемлекеттік қызметте істейді. Халықаралық аренада ел мүддесін қорғап, дипломатияның қыр-сырын меңгеріп жүрген жас қызметкерлердің бірі - Гүлсана Төлепбергенова, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының тілшісі.

Ол дипломат болуды армандаған емес. Халықаралық қатынастар саласына да бірден келмеген. Еңбек жолын сараптамалық орталықтардан бастап, сараптамалық  құрылымдарда алғаш тәжірибе жинаған. Жас дипломаттың пікірінше халықаралық қатынастар маманы алдымен өз отанын сүю керек, сосын шет тілдерді жетік меңгеріп, әлемде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамау керек. Сыртқы істер министрлігіне келгеннен кейін Гүлсана Төлепбергенова Мысырдағы Қазақстан елшілігінде бірнеше жыл қызмет еткен.

Гүлсана Төлепбергенова,  «Дипломатия жаршысы» журналының шығарушы редакторы:

- Каирде 3,5 жыл жұмыс істедім. Ол кезде мен елшілікте көп жақты ынтымақтастықтың экономикалық мәселелері бөліміне жетекшілік еттім. Бұл Мысыр билігі үшін өтпелі кезең болатын. 2013 жылдың 2 шілдесінде біз Мысырда болған екінші революцияны көзімізбен көрдік. Дәл сол сәтте менің жұмысым өте қызықты, жан-жақты, кейде қауіп-қатерге толы, ал кейде керісінше, қуанышты сәттермен есте қалатын маңызды қызмет секілді көрінді. Осылайша шетелге шығып, дипломат болып жұмыс істеп, Қазақстанның мүддесін қорғап жүргенде мамандықты дұрыс таңдағанымды түсіндім.

Бүгінде Гүлсана 50 елге тарайтын Сыртқы істер министрлігің журналында шығарушы редактор. Ол бір жыл бұрын тағайындалған қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Себебі «Журнал Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының шежіресі іспеттес». 

Гүлсана Төлепбергенова,  «Дипломатия жаршысы» журналының шығарушы редакторы:

- Журналымыздың басты миссиясы - қазақстандық және халықаралық аудиторияға сыртқы саясаттағы жетістіктеріміз бен халықаралық жиындардың  маңыздылығын жеткізу. Оның қатарында мемлекет басшыларының кездесулері, Елбасының басқа мемлекеттерге сапарлары, Сыртқы істер министрінің жұмысы мен еліміздегі халықаралық деңгейдегі іс-шаралары да бар.

Жастардың жұмысқа орналасуы да өзекті мәселелердің бірі. Олар еңбек өтілі болмағандықтан қызметке тұра алмайды. «Алайда қазір мемлекеттік қызметке орналасу талаптары жеңілдетілген», - дейді мамандар.

Жандос Хасен, ҚР МҚІСЖҚА персоналды басқару басқармасының жетекшісі:

- Негізі жас маманның жұмыс өтілінің болмауы оның мемлекеттік қызметке келуіне кедергі болмайды. Өйткені қазіргі уақытта бізге төменгі лауазымдарға өту үшін өтілім керек емес. Сондықтан да жастар студенттік қабырғадан шыққаннан кейін мемлекеттік қызметке келіп жұмыс істей алады.

Ал статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елге қызмет етем деген жастардың үлесі бойынша Алматы, Маңғыстау және Ақтөбе өңірлері көш басында. Ал Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жас қызметкерлердің үлесі шамалы. Жастар барлық өндіріс саласына тартылған. Олардың басым бөлігі негізінен энергетика, қоғамдық даму және аэроғарыштық өндірісте қызмет етеді.

Авторлар: Ғазиза Мұхамеджанова, Наурыз Базаров, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы