427,07 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаулық 34 кәсіпкер 1 пайыздық несие алды

  • 1633
  • UPD: 20:56, 25.01.2019

Маңғыстау облысында 34 адам бір пайызбен несие алып, шаруасын дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәйкесінше 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Тағы 10 кәсіпкерге қажет қаражат жуық арада беріледі. Бұл – өңірлік «Нұр-Капитал» пилоттық бағдарламасының жемісі. Шалғай өңірдің тұрғыны банктен 30 млн теңгеге дейін берешек қаржы ала алады. Бұл жердегі жылдық мөлшерлеме 8,5 пайыздан аспайды. Оның 7,5 пайызын жергілікті бюджет субсидиялайды. Қалған сомасын кәсіпкер жеті жылда еркін өтеп шығады.

Бұл – Басқұдықта былтыр ашылған жекеменшік медицина орталығы. 22 дәрігер бір ауысымда 60-70 адамды қабылдайды. Озық үлгідегі құрал-жабдықтың жоқтығы оларға қолбайлау болып келді. Сатып алуға қомақты қаржы керек. Ауыл кәсіпкері пилоттық жобаға қатысқалы жағдай өзгерген. Орталықта көз, құлақ-мұрын дертін емдеу мен ультра дыбыстық зерттеу кабинеті ашылды. Мұнда емдік шаралар тегін жүреді.

Ұлжан Сәрсенова, жекеменшік медицина орталығының бас дәрігері:

– Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін қатыстық. 30 млн теңге қаржылай қолдау алдық. Өте қуаныштымыз. Кәсіпкер үшін өте жеңіл. Яғни бес жыл бойы бір ғана пайызбен. «Нұр Капитал» жобасы болмаған жағдайда біз қазір мұндай қызмет түрлерін көрсетпеуіміз де мүмкін. Көрсеткен жағдайда да бұл тегін медициналық қызмет түріне кірмеуі де мүмкін еді.

Пилоттық жобаны жүзеге асыруға бағытталған қаражат көлемі 2,7 млрд теңгені құрайды. Оның 900 млнын облыс әкімдігі, қалғанын аймақтағы кәсіпкерлікті қаржылай қолдау қоры бөлді. Өңірлік бағдарламаға Ақтаудан бөлек, осы өңірге қарайтын барлық елді мекен тұрғындары қатыса алады.

Гүлжан Қалымбетова, өңірлік кәсіпкерлерді қаржылай қолдау қорының директоры:

– 2018 жылғы бұл бағдарлама қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктерде 44 жоба 845 млн-ға мақұлданды. Соның ішінде 77 пайызы, яғни 34 жоба бүгінгі таңда қаржы алып отыр. Өндіріс саласында, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы саласында мақұлданып отыр. Бұл бағдарламаға өз жобаларын аудандарда және Жаңаөзен қаласында жүзеге асыратын кәсіпкерлер ғана қатыса алады.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Қазақ елі тарихында ауыл кәсіпкеріне бар-жоғы бір пайызбен несие беретін пилоттық бағдарлама Маңғыстау облысында былтыр қолға алынды. Бүгінге дейін бес аудан мен Жаңаөзенде түсіндірме жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Бұл бағыттағы іс-шаралар биыл да жалғасады. Айта кетейік, «Нұр-Капитал» жобасына өңірдегі бес банк филиалы әріптестік танытуда. Ауылдағы бизнесті дамытуға бағытталған тың бастама таяу жылдары өзге де аймақтарда жүзеге аспақ.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы