388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жер аударылып келген әке-шешеміз қазақ халқының арқасында аман қалды - Милияр Арифов

  • 1398
  • UPD: 14:16, 01.03.2019

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында бірнеше ұлттың өкілі бір үйдің балаларындай ұйысқан «Достық» атты шаруа қожалық бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың ата-бабалары XX ғасырдың 30-50 жылдарғы тоталитарлық жүйенің құрбанына айналып, Сыр елін паналап қалған. Бүгінде туған жердің түлеуі жолында еселі еңбегімен елене білген ұжымды 20 жылдан бері түрік ұлтының өкілі – Милияр Арифов басқарып келеді. Әрдайым ауылдастарының алғысына бөленіп жүрген азаматтың ізгі қадамдары арна тілшісі Нұрлан Жақыпбековтың сюжетіне арқау болды.

Шаруашылықтың техникалары тек егін даласында ғана емес, ауылдың күнделікті тіршілігіне де көмегін тигізеді. Мұқтаж отбасылардың отынын тасып, қоқысын шығару игі үрдіске айналған. Мұндай қамқорлық бірлігі бекем ауылдың көнеден қалыптасқан дәстүрі. «Кезінде жер аударылып келген әке-шешеміз де қазақ халқының мейірімділігінің арқасында аман қалды. Үбірлі-шүбірлі болып, үлкен әулетке айналды», - дейді Милияр Арифов.

Милияр Арифов, шаруа қожалықтың төрағасы:

- Кішкентай наны болса, соны бөліп берген, бір сиыры болса соны сауып екіге бөліп, сол бір үйде тұрғасын екіге бөліп, біздің әке-шешелерімізге берген. Сол осы қазақ халқының арқасында біздің әке-шешелеріміз өлмей, осы бүгінге дейін ұрпағы жалғасып келе жатыр. Біздің түркі халқының, осы ауыл халқының атынан көп-көп үлкен рахметімізді айтамыз.Сол кісілерге басымызды иеміз.

«Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» деген көне тәмсілді терең ұғына білген Милияр Арифов ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға үнемі қамқорлық жасап отырады,-дейді жергілікті тұрғындар. Тіпті үйі жоқ бірнеше отбасына баспана салып берген. Сондай сыйға кенелген жанның бірі - Майдан Түйімбетов.

Майдан Түйімбетов, еңбек ардагері:

- Адал шын көңілден, осы мемлекетіміз көркейсін деп әрі қарай жылжысын деген, алдыға жылжысын деген тіршілікпен жұмыс істедік. Күзді күні қарияларға көмір түсіріп берді. Оның ішінде бәріне емес енді, біз сияқты жалғыз адамдарға көмір түсіріп берді.

Виктор Кан, III Интернационал ауылының тұрғыны:

- Ол шыншыл адам. Осы жерде туды, оқыды, еңбек етіп жатыр. Сондықтан да туған ауылы үшін жанын салып жұмыс істейді. Ауылды әлі де көркейте түскісі келеді. Оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Тағдырдың жазуымен оннан астам ұлттың өкілі топтасқан қожалықтың бірлігі мығым, тірлігі берекелі. Жыл сайын әр отбасына бақша дақылдарын егу үшін екі гектар жерді дайындап, суын жеткізіп беру секілді ізгі бастамалар да осы ауылда қолға алынған. Шаруашылық төрағасының ендігі арманы мал бордақылау алаңын салып, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондай-ақ мұқтаж жандарға арнап жылына бір үй салып беруге ниетті. Ал мұның бәрі қайырымды қазақ халқына деген алғыс сезімнен туған қайырлы бастамалар деп білемін, - дейді Милиар Арифов.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы