375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда екі айда 62 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасты

  • 243
  • UPD: 23:56, 03.03.2019

Атырауда жергілікті кәсіпорындар мүмкіндігі шектеулі жандарды көптеп жұмысқа қабылдай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазір облыс орталығында 10300-дей мүгедек тіркеуде тұр.

Олардың 3 жарым мыңға жуығы жұмысқа қабілетті. Қазір осы тұрғындардың арасынан іс қылам деп ниет білдіргендеріне жергілікті атқару органдары мен кәсіпорындар қол ұшын созып жатыр.

Медициналық құралдар шығаратын зауыт – индустриалды бағдарламаның аймақтағы алғашқы қарлығаштарының бірі. Мұнда медициналық шприцтердің бес-алты түрі, медициналық қолғаптар, инфузиялық ертінділерді қан тамырына құятын түтікшелер де шығарылады.

ІІ топ мүгедегі Лариса Степанованың жұмысқа қабылданған алғашқы аптасы сәтті басталды.   

Лариса Степанова, Атырау қаласының тұрғыны:

- Алғашында маған біраз қиындау болды. Қазір үйрендім, жұмысым өзіме ұнайды. Өзіме жүктелген міндетті атқарып жатырмын. Еңбекке деген құлшынысым зор.

Зауытта қазір 150 адам 3 ауысымен еңбек етіп жатыр. Кәсіпорын басшылығы өз мамандарының 10-15 пайызын мүмкіндігі шектеулі жандардан алып, әлеуметтік қамқорлық жасауда.   

Ғалия Досалиева, кәсіпорынның өндіріс жөніндегі басшысы:

- Ол адамдарды біз жұмысқа алмасақ, басқалар да алмаса, олар жұмыссыз қалады ғой. Олар отбасыны асырау керек, жұмыс жасауы керек. Адамдарды өздеріне үйлескен жұмыстарына байланысты цехтарға бөліп қоюдамыз. Іштен оларға түскі ас береміз, киіммен қамтамасыз етеміз.

Бұл кәсіпорын ашылғалы бері мүгедек жандарды өз қатарына тартқан болатын. ІІ топтағы мүгедек Жанар Мұхтарқызы зауытта зертханашы болып 2014 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатыр.   

Жанар Жексенғалиева, Атырау қаласының тұрғыны:

- Алты күндік болса, маған 5 күндік жеңілдік береді. Ризамын. Жаман емес, жұмыс істеп жүргеніме 5 жыл уақыт болды. Ешқандай талабым жоқ. Ауырып қалған кезімде маған жағдай жасайды, рұқсатын береді. Алты ай сайын емделетін курсымыз болады, соған жіберіп тұрады.

Анар Жеңісова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

- Жылдың басынан 1 наурызға дейін бөлімге жолыққан, жұмыс істеймін деп ниет білдірген мүмкіндігі шектеулі жандардың саны – 89. Олардың ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғаны 62 адам. Яғни тұрақты жұмысқа, қоғамдық жұмысқа, жастар практикасына орналастырылып отыр.

Бір ғана шприц зауыты, егер қолынан іс келсе, тағы 15 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамтымақ ниетте. Қазір аудандардағы мекемелерде өз жұмысшыларының 1-10 пайызына дейін мүгедектерден алуға қамданып жатыр. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандар екі қолына бір күрек табылса, шамасы келетін жұмыстың бәрін істеуге даяр.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы