389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте әлеуметтік салада бірнеше жоба іске асады

  • 978
  • UPD: 19:31, 17.03.2019

Шымкентте 1 сәуірден бастап 20 мыңнан астам отбасыға әлеуметтік көмек төленетін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал өткен жылы мемлекет есебінен мұндай қолдауды 10774 отбасы алған. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова мәлімдеді. Сондай-ақ шымшаһарда аға буын үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылады. Ал көп балалы аналарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін «Аналар орталығын» құру жоспарда. Әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру үшін «Ел-Көмек» әлеуметтік порталы іске қосылмақ.

Шымкентте көп балалы аналар саны 31 мыңнан асып жығылады. Ендігі жерде еліміздің демографиясына үлес қосқан жандарды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту әрі аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар беру туралы түсіндірме жұмыстары қаладағы 4 аудан мен жұмыспен қамту орталығында жүргізілуде. 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек 20 мыңнан астам отбасыға беріледі деген жоспар бар.

Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары:

– Көп балалы және халықтың әлсіз топтары бойынша өздеріңізге белгілі, 14849 теңгеден 20 789 теңгеге көбейіп отыр. Заңға өзгеріс енгізіліп келгеннен кейін, сәуір айынан бастап қала тұрғындарынан құжаттарды қабылдау және осы атаулы әлеуметтік көмектерді төлеу жұмыстары басталады. Аз қамтамасыз етілген отбасыларды әуре сарсаңға салмас үшін, квартал сайын құжаттарын жинамас үшін «Е-халық» базасын енгізу пилоттық режимде Шымкент қаласында енгізілейін деп отыр.

Шаһарда аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын жақсартуға арналған арнайы штаб құрылды. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен алтын алқа, күміс алқа иегерлері 9 632 анаға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 119,9 млн теңге төленуде. Батыр аналар тіпті қоғамдық көліктерде тегін жүруде. Ал көп балалы аналарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін «Аналар орталықтары» ашылады.

Гүлжан Құрманбекова, қала әкімінің орынбасары:

– Аналар орталығы бойынша да ол жерде психологиялық көмектер, тұрғын үй көмегін алу кәсіпкерлікпен айналысамын деген аналар келсе де және барлық әлеуметтік көмектер алу бойынша бір терезе қағидасы ретінде көмек берілетін болады.

Қалада қазіргі таңда 37 276 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішіндегі 14 501 азамат әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жатады. Биылғы жылы 1368 пәтер әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы азаматтарға берілмек. Жергілікті билік жас отбасыларды да ұмыт қалдырмапты. Оларға  342 пәтер үлестірілмек. Ал шымшаһарда ағымдағы жылы 4 524 пәтерлі 81 үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның 14 арендалық тұрғын үйін биыл пайдалануға беру жоспарда. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығында көп балалы аналарға цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында тегін оқу курстары ұйымдастырылған.

Лаура Асанова, қала тұрғыны:

– Қазір дамыған елміз. Қолымызда телефонымыз бар. Компьютеріміз бар. Сол арқылы үйде отырып, цифрлық кабинетке кіріп, электронды поштадан жұмыс іздеуге, жалпы ойыңыздағы бар сұраққа жауап алуға болады екен.

Әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру үшін қалада «Ел-Көмек» әлеуметтік порталы жүзеге асырылатын болады. Бұл өз кезегінде аз қамтылған отбасыларға берілетін бір реттік көмек, зейнеткерлерге санаторлы-курорттық емделуге, мүгедектерге берілетін құралдар және «Әлеуметтік таксиді» онлайн режимде алуға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы