377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде шетелдегі қазақ балаларының елімізде білім алу мүмкіндіктері талқыланды

  • 191
  • UPD: 11:05, 23.03.2019

Семейде Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ұйымдаструымен халықаралық білім құрылтайы өз жұмысын бастады.

Оған Швеция, Франция, Ұлыбритания, Моңғолия сияқты мемлекеттерден делегациялар қатысуда. Жиынның мақсаты – білім саласындағы отандық және халықаралық тәжірибелерді ортаға салу, сондай-ақ шетелдегі қазақ балаларының елімізде білім алу мүмкіндіктерін талқылау. 

Бұл білім құрылтайы аймақта алғаш рет өткізіліп отырса да басқа жиындардан ерекше сипат алды. Шетелдік қонақтарды Абай үнімен қарсы алған семейліктер қазақ тілінің қасиетін жан-жақты ашуға тырысты. Ең алдымен жырақта жүрген қандастарымыз үшін ана тілдің маңызы жоғары.

Мұрат Ерміш, Еуропа қазақтары федерациясының президенті:

- Қазір Еуропада мыңдаған қазақ бар, ең үлкен қиыншылық тіліміз болып жатыр. Қазір тілімізді үйрететін мұғалімдер жоқ. Соған қазір Шәкәрім университетіндегі білім халықаралық құрылтайына келіп жатырмыз. Еуропадағы қазақ балалары тілін, салт-дәстүрлерін, дінін, бәрін жақсылап үйрету, сол үшін келіп отырмыз.

Нәзия Түркен, Мәдениетаралық фольклор қауымдастығының төрайымы /Франция/:

- Қазақстанға тұңғыш рет келіп тұрмын. Ата-бабаларымыздың жері ғой. Көкейімізді қуаныш кернеп тұр. Болашақта өзара ынтымақтаса жұмыс істесек, мәдениет пен білім саласында тығыз қарым-қатынас орнатсақ деген ниетіміз бар.

Құрылтай аясында халықаралық қазақ тілін үйрету орталығының таныстырылымы өтті. Мұнда жаңадан талап қылғандар үшін 6 айлық және ауызекі сөйлеуді білетіндер үшін 3 айлық курстар жұмыс істейді. Латын әліпбиін тез меңгерем деушілер үшін де есік ашық.

Мейір Ескендіров, Шәкәрім атындағы семей мемлекеттік университетінің ректоры:

- Бұрынғы сияқты қолына кітап бере салатын заман өтіп кетті. Көріп жатырсыздар, көптеген алаңдар бар. Бұл – қызықтырудан бастап, қазақтың иісі қайдан шығады, қазақтың тағамы, биі, қазақтың өлеңі сияқты жан-жақты методикаларды қолданып жатырмыз. Бұл керек дүние. Франция, Германия, Швеция, Англиядан келген отандастарымыз бар, үлкен-үлкен қоғамдарды басқарады. Сол кісілермен келісімге отырамыз да жүйелі түрде жұмысымызды жалғастырамыз.

Жиынға қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жобалармен де танысып, білім берудің тың тәсілдерін ортаға салды. Құрылтай Наурыз мерекесіне ұласып, қонақтар Абай ауданындағы данышпан ақынның музей-үйін аралап көреді.   

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы