377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулықтар қоғамды аутизм дертіне шалдыққан жандардан теріс айналмауға шақырды

  • 187
  • UPD: 23:49, 02.04.2019

Аутизм дертіне шалдыққан перзенті бар ақтаулық ата-аналар бүгін акция өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«Арда-Ақтау» деп аталатын қоғамдық бірлестік мүшелері бұл акцияны соңғы үш жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келеді. Оның барысында аутизм туралы жан-жақты ақпараттар айтылып, ми қызметі бұзылған жеткіншектердің жақындарына қаржылай қолдау көрсетіледі.

Аутизм туралы бүкіләлемдік ақпарат тарату күніне арналған акция түскі уақытта қала әкімдігі жанындағы алаңда өтуі тиіс болатын. Алайда нөсер жауынға байланысты көрші тұрған мәдени-демалыс кешеніне ауысты. Жоспарға сай алдымен концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Оған елуден астам ерекше бала қатысып, өз өнерін көрсетті.

Ресми емес деректерге сүйенсек, Маңғыстау облысында бір мыңнан астам бала түрлі деңгейдегі аутизм дертіне шалдыққан. Олардың арасында 10 жастағы Кәусар Алпысова бар. Зейінді жеткіншек оқуда озат. Өнерге бейімділігін байқаған ата-анасы оны тігін және ән салу үйірмесіне берген.

Айнұр Әліпбаева, ата-ана:

- Отбасымызбен бірге күнде бұл қызбен гитарамен өлең айтамыз. Көшеде жүргенде де өлең айтып жүреміз. Осы Ақтау қаласындағы «Школьникке» би өнеріне, тігін өнеріне, гимнастикаға барып жүрді. Осы ұйымды жүргізіп жатқан ата-аналарға рақметімді айтамын. Бірлесіп сол кісілермен жұмыс істеуге бел буамыз.

Бибігүл Әскерова, шара ұйымдастырушысы:

- Қоғамдық бірлестік биыл үшінші жыл өзінің жұмысын жалғастырып келе жатыр. Ерекше бала тәрбиелеп отырғандар Маңғыстау облысы бойынша өте көп. Дегенмен де бүгінде жүзден астамы жиналды. Келешекте аутист балаларды оңалтуға арналған бір орталық ашылады. Күтеміз оның ашылуын.

Шараны ұйымдастырушылар шақырылған көпшілікті аутизм дертіне шалдыққан жандардан теріс айналмай, оларды қоғамға бейімдеудің маңыздылығын түсіндірді. Ата-аналармен пікір алмасып, перзентімен бірге ойындар ойнауға шақырды. Ерікті жастар әзірлеген көңілді бағдарлама балалардың көңілін көтерді. Дәстүрлі акция соңы флешмобқа ұласты.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы