379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында жастарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асады

  • 178
  • UPD: 22:59, 04.04.2019

Ертіс өңірінде жаңа тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – баспананы жеңілдікпен алуға мүмкіндік беретін «Жас шаңырақ» пилоттық жобасы. Кәсіпорындарда еңбек ететін жастарға арналған. Жаңа пәтердің  һшаршы метрі нарық бағасынан төмен болмақ. Ал оның құрылысын жергілікті кәсіпорындар атқарады. Құрылыс компанияларының жетекшілері бүгін қалалық әкімдікпен өзара әріптестік меморандумына қол қойды.

Ұзақ уақыт бойы жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болды. Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев пен өндіріс басшылары қол алысып, тұрғын үй құрылысын бастауға уағдаласты. Енді облыстағы төрт бірдей іргелі кәсіпорын жұмысшы жастар үшін үй салады. Шаһар басшысы қанатты жоба жайында алғаш рет халық алдындағы есептік кездесуінде айтқан еді.

Бағдарламаның шарты жас отбасылар үшін қолайлы. Кәсіпорындар пәтер құнынан 25 проценттік жеңілдік қарастырады. Сонымен қатар үш жылға бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Яғни ең төмен процентпен қарыз береді. Бағдарламаға жұмысшы жастарды мейлінше көп тарту көзделіп отыр.

Саян Мұқанов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:

– Жалпы осы төрт кәсіпорынның  тарапынан жүзге таяу отбасы немесе жас мамандарға пәтер қарастырылатын болады.

Баспаналы болуды армандап жүргендердің бірі – Шапуновтар отбасы. Отау тіккендеріне он жылға таяпты. Қыздары биыл 7 жасқа толды. Әлі күнге дейін ата-аналарымен бірге тұрады. Жуырда Андрей Шапуновқа жұмыс беруші тараптан ұсыныс түскен. Пәтер алудың орайы келіп тұр екен. Қуана келістім дейді ол.

Андрей Шапунов, энергосақтау  компаниясының жүргізушісі:

– Жұмыс істеп жатқан ұйым бізге 25 процент жеңілдік береді. Пәтер алуға тамаша мүмкіндік. Қолымызда бастапқы жарнамыз бар. Сондықтан аталған соманы 10-15 жылда төлеп тастаймыз.

Бұл – Павлодарда салынып жатқан алғашқы «ақылды үй». Тұрғын үй құрылысындағы ең озық технологиялар қолданылған. Мұндағы пәтерлердің бір шаршы метрі – 150 мың теңге. Нарық бағасынан айтарлықтай төмен. 

Нұрлан Қайсарин, телім басшысы:

– Бұл үйлерде ауа көрсеткіштері автономды жүйеде бақыланады. Мысалы үй иесі қыс мезгілінде +24 градус температураны қажет етсе, +24 градусты қоя алады. Жаздың ыстық күндерінде де температураны қалауы бойынша реттеп отырады. Сол сияқты күн батареялары орнатылады. Олар күндіз қуат жинап, түнде осы аумаққа жарық береді.

Қарлығаш  Қасиетова, тілші:

– Павлодардағы арзан үйлердің саны мұнымен шектелмейді. Мәселен құрылысы жуырда аяқталған мына үйде баспананың бір шаршы метрі 130 мың теңгеден айналады. Бұл үйге жұмысшы жастар қоныстанады деп күтілуде. Үйдің сәулеті де, жоспары да ерекше. Бөлмелері кең әрі жарық. Бір сөзбен айтқанда алаңсыз өмір сүруге барлық жағдай қарастырылған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы