377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда Алматыда өтетін Еуразиялық медиафорумның бағдарламасы таныстырылды

  • 86
  • UPD: 23:46, 05.04.2019

«Жаһансыздану: әлем жаңа даму моделін іздестіру жолында».

Мамыр айында Алматыда өтетін XVI Еуразиялық медиафорумның тақырыбы осындай, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Шарада сондай-ақ цифрлық ғасырдағы журналистиканың болашағы талқыланатын болады. Ұйымдастырушылар форумның бағдарламасын Лондонда жария етті.

Қарама-қайшылықтарға толы, қым-қуыт заманда дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары жаңа медиаға қалай қарсы тұра алады? Әлеуметтік желілер мен жасанды интеллект арқасында пайда болған қауіп-қатерлерді басқарып, мүмкіндіктерді қалайша кәдеге жаратуға болады? Осы және өзге де сауалдарға медиафорум қатысушылары жауап бермек.

Стивен Коул, ЕАМФ тізгіншісі, CGTV телеарнасының жүргізушісі:

- Менің форумда қозғайтын тақырыбым – жаңа әлемдік жаһандық тәртіп. Бұл – өте маңызды мәселе. Басқалар оған қысқаша жауап беруге тырысып келді. Біз болсақ әлемді кім және қалай билейтінін толығымен анықтауға атсалысамыз.

Форум білім мен тәжірибе алмасудың тиімді тетігі де. Оның аясында арнайы семинарлар мен шеберлік сабақтары өтпек. Журналистер мен медиа-қауымдастық өкілдеріне әлемдік деңгейдегі сарапшылар ұстаздық ететін болады.

Сью Филлипс, ЕАМФ бас продюсері:

- Бізде шынымен де әрқилы интерактивті шеберлік сабақтары көп. Олар өте мазмұнды және танымдық деңгейі жоғары. Сондай-ақ біз үшін білім және ақпаратпен сусындаған қазақстандық журналистерді көру үлкен қуаныш.

Брифингке қатысқан BBC, Bloomberg, Financial Times һәм The Economist сияқты британиялық және халықарарлық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін еліміздегі саяси өзгерістер тақырыбы да қызықтырды. Сұрақтарға жауап бере келе Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған елдің саяси және экономикалық бағыты одан әрі де жалғаса беретін болады деп түйіндеді.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы, Бейбіт Мәдиұлы

Хабар 24 телеарнасы