378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Cарыағашта Жабай батырдың ерлігін жастарға үлгі ететін шара өтті

  • 298
  • UPD: 19:37, 23.04.2019

Тарихқа көз салсақ, Абылайханның тұсында батыр қолбасшы болған ел тарихының үздіксіз дамуына өлшеусіз үлес қосқан жандардың бірі – ол Жабай батыр. Түркістан облысы Сарыағаш ауданында Ұлы дала сардарының ерлігін жастарға үлгі ету мақсатында арнайы шара өтті. 

Жабай батыр қазақ елінің  тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескен айбынды тұлға. Ол  Абылайханның тұсында бас батырдың бірі болған. Тарих жылнамаларында Жабай Қазбекұлын Ташкент шаһарында билік құрғандығын, Төле бидің тұсында бас қақпалардың бірін жаудан күзетіп қолбасшылық жасағандығы туралы  деректер бар.

Жеңісбек Тұрғанов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері:

- Ол кісі ержүрек батыр, қаймықпайтын жұртты ұйыстыра білген дана. 1741 жылдары Қалмақ соғысында үлкен ерлікпенен көзге түскен. Соның арқасында Абылайхан бабамыздың өзі ризашылық білдіріп өзінің ақ туын табыс еткен.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында  беймәлім болған ұлы даланың тұлғаларын зерттеу қажеттігі туралы айтқан болатын.  Осыған байланысты Жабай батырды зерттеу қолға алынып, ол туралы жазушы ғалымдар бірнеше еңбектерді жарықа шығарыпты. Сондықтан да елімізде Жабай батыр сынды тау тұлғалардың рөлін асқақтатып,ерлігін жастар бойына сіңіріп, жүйелендіру қажет дейді жиынға қатысушылар.

Серікбай Қажы Ораз, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- Халқымыздың басында зұлмат заманда «Ақтабан шұбырынды да» ұлттың ұлыстың бірлігін ерліктің өрліктің символына айналған дара тұлға, дана тұлғалар бүгінгі ұрпақтар үшін үлкен өнеге мен ғибрат болуы керек деп ойлаймын.

Талғат Айтбаев, Жабай батырдың ұрпағы:

- Біріншіден, бабамыздың тарихи орнын анықтау. Екіншіден осы болашақ ұрпаққа тәрбие беру. Егер біз тарихтың бір парағын ашты деп есептейтін болсақ, бірақ нәрсені ұғынғанымыз ол бірлік ұғымы. Бірлік қазіргі таңда да қазақ мемлекетіне, ұлтына керек нәрсе.

Алты алашқа аты шыққан, Ақ тулы Сіргелі Жабай батырдың туғанына 290 жыл. Ұлы даланың батыры қашанда ұлттың рухы. Жабай батыр, мұқым қазақ халқының теңдігі мен тыныштығы үшін, бейбіт заманда даулы мәселенің қисынын тауып, қиып айтатын тоқсаба да болған. Ол кейінгі ұрпағына «Киемді кең даламнан іздеңдер» деп өсиет қалдырыпты. Киесі денесін жуған жері қазіргі Әлімтау даласында.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы