388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жігері жасымаған жеңімпаз мүгедек жандарға арнап спорт кешенін ашуды көздейді

  • 752
  • UPD: 22:46, 27.04.2019

«Ынта мен сенім бар жерде барлық кедергіні жеңуге болады» дейді «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінің жеңімпазы Бақтияр Базарбеков.

Көз жанарындағы қиындықтарына қарамастан, ол еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысып, жетістікке жетуіне көмек қолын созып жүр.

Бақтияр Базарбековпен біз жаттығу алаңында кездестік. Себебі спорттың арқасында адам, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар өзінің жасық мінезін жеңіп, жетістікке ұмтыла алады екен. Бала күннен көзінің нашар көруіне байланысты 1-топтағы мүгедек. Өзі сияқты нашар көретін және зағип жандарға арналған «Шекарасыз спорт» әлеуметтік жобасын іске асырған. Соның ішінде дүниенің екі нүктесін қосқан «Астана-Париж» велошеруін атап айтуға болады.

Бақтияр Базарбеков, жоба жеңімпазы:

- Бұл әлемдік деңгейдегі бірегей жоба болды. Себебі көз жанарынан айырылған немесе нашар көретін спортсмендер, велосипедпен 5 мың шақырым жер жүріп, мүгедек жандардың да мүмкіндігі зор екенін дәлелдеді. 

Бүгінде Бақтиярдың көзі  5-ақ пайыз көреді, алайда  оның Қазақстанның сұлу табиғаты туралы айтқан әңгімелері құлақ құрышын қандырады.

Осы әсемдік өзгенің де көзін сүйсіндірсін деген ниетпен, ол бауырымен бірлесіп, Қазақстанның  табиғи әлеуеті туралы деректі фильмдер түсіріп жүр.

Бақтияр Базарбеков, жоба жеңімпазы:

-  Әрине, мен денсаулығыма байланысты көп кедергілерге кезіктім. Бірақ мойынсып отыра беруге болмайды. Әрдайым өзіңе сеніп, әрекет жасасаң, қай салада болса да жеңіске жетуге болатынына көзім жетіп келеді.

Бүгінде  Бақтияр чемпиондарды дайындайтын паратриатлон және тандем федерациясын басқарып отыр. Енді ол мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық кешен ашуды және  «Алматы-Түркістан» бағытында велошеру өткізуді жоспарлап отырғандарын айтты.

Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы