379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде әскери авиациялық техникалар көрмесі өтті

  • 106
  • UPD: 22:11, 07.05.2019

Ақтөбеде Отан қорғаушылар күні әскери авиациялық техникалар көрмесі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері институты ұйымдастырған келгендер ашық аспан асты музейіндегі ұшақтарға отырып, олардың тарихымен жақынырақ танысты. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Институт аумағындағы әскери техникаларды әдетте жақындап келіп, көру мүмкін емес. Оқу орны тек мамырдағы мерекеде ғана ақтөбеліктер мен қала қонақтарына есік ашып, олардың еркін аралауына рұқсат етеді. Мұндай мүмкіндікті әрбір тұрғын қалт жібермеуге тырысады. Себебі келушілердің назарына ұсынылған техникалар сан алуан және өте қызық. Кеңес одағы кезінде шығарылған әскери мақсаттағы ұшақтар үлкеннің де, кішінің де көңілін аударды.

Көрмеге әр жылдары қарулы күштер құрамында болған 20-ға жуық әскери машина қойылды. Олардың арасында аты аңызға айналған МИ-8, әлемдегі ең үлкен тікұшақ пен бомбалаушы ұшақтар бар. Ашық есік күніне келген жүздеген ақтөбелік әрқайсысының тарихымен танысып, мініп көрді. Экипаж мүшесі болып, ұшқыш кабинасында отырды.

Ашық аспан астындағы музей 2005 жылы ашылған. Жәдігер ретінде қойылған алып техникалар білім алушы курсанттардың тәжірибесін шыңдауда да пайдаланылады. Ал бүгінгі мерекеде барлығы да келушілерге көрсетілді. Тіпті кейбіріне кезектесіп те кірді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Бұл тікұшақ – Ауған соғысында сыналған техникалардың бірі. Негізінен жаяу әскерді қолдау мақсатында қолданылады. Және өзі секілді типтегі тікұшақтармен әуе шайқасын жүргізеді.

Серік Сарабозов, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институты бастығының орынбасары:

– Жалпы бұл шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа, жастарымызға патриоттық тәрбие беру.

Қазір бұл іргелі оқу орнында 9 мамандық бойынша 500-ге жуық жас білім алып жатыр. Арасында көрші мемлекеттердің де азаматтары бар.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Биыл әскери институт 45 жылдығын атап өтеді. Айтулы күнге орай бірқатар іс-шаралар өткізілмек. Ал келесі көрме жұмысы Жеңіс күніне жоспарланған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы