379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да шалғай аудандарға апаратын жолдың құрылысы басталды

  • 172
  • UPD: 20:54, 06.06.2019

Батыс Қазақстан облысында шалғай аудандарға апаратын Қазталов-Жәнібек-Бөкей ордасы жолының да құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды жоба аясында аймақта жаңадан 300 шақырымдай жол салынады. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын құрылысты 2021 жылы аяқтау көзделген. Жаңа көлік жолын «Жәнібек» өткізу бекеті орналасатын Ресей шекарасына дейін жеткізу жоспарда тұр.

Республикалық маңызға ие күре жолдың 138 шақырымын жөндейтін құрылыс кәсіпорындары анықталды. Мердігерлердің техникалары мен жұмысшыларға арналған қалашықтары сақадай сай күйде. Құрылыс материалдарының дені көршілес өңірлерден тасымалданады. Құрылыс жұмыстарына негізінен аймақ тұрғындарын тарту көзделіп отыр.

Амангелді Уәлиев, Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Биылғы жылы үлкен қаржы бөлініп, техникалар алынды. Жол азабын көріп келген 3 ауданның халқы тез арада пайдасын көреді деген сенімдеміз.

Хайролла Сабыров, Бөкей ордасы ауданының тұрғыны:

– Біз қуаныштымыз. Шілдеде басталады деген жоспар бар. Тұрғындардың бәрі асыға күтіп жүр.

Аймақ басшыларының айтуынша, жобаны жүзеге асыру арқылы облыстың экспорттық әлеуеті артып қана қоймай, туристерді тартуға да мүмкіндік тумақ. Мәселен, киелі мекендер санатындағы Бөкей ордасы тарихи музей кешеніне дейін тақтайдай тегіс жол салынады.

Медет Шақаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Тапсырма бойынша қысқа мерзімде жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, 6 лот конкурстық жұмыстар басталып кетті. Бүгінгі күні 3 лот бойынша мердігер анықталды. Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы ауданы бойынша барлығы – 245 шақырым.

Қаржыландыру көлемінің ұлғаюы нәтижесінде өңірде асфальт жамылғысымен қамтылған жолдардың үлесі артып келеді. Соңғы үш жылда аймақта 1200 шақырым автокөлік жолы жаңадан салынған.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы