389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында газ құбырларының құрылысы биыл аяқталады

  • 388
  • UPD: 23:24, 07.06.2019

Қызылорда-Жезқазған-Теміртау-Қарағанды-Нұр-Сұлтан қалалары бағытында газ құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың соңына қарай Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлері табиғи газбен қамтылуы тиіс.

Жобаның іске асырылуына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жауапты. Қазір Жезқазған қаласының маңында дәнекерлеу жұмыстары басталып кетті.

Еліміздің бірнеше аймағын газбен қамтитын жобаның өнімділігі жылына 2,2 млрд текше метрді құрайды. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 1061 шақырым, диаметрі – 820 мм және қысымы 9,8 мегапаскаль болмақ. Жақын арада Нұр-Сұлтан мен Қызылорда қалаларында басқару пунктері пайда болады. Сонымен қатар  Жезқазған, Теміртау және Қарағанды қалаларын газбен қамтамасыз ету үшін бес автоматтандырылған газ тарату стансалары салынады. 

Еркін Жұмағалиев, «АстанаГаз ҚМГ» АҚ қызметкері:

- Қазіргі уақытта Жезқазған қаласының маңында дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 338 шақырым құбырлар дәнекерленген. Бұл газ құбырының жалпы ұзындығының 31 пайызын құрайды. Сонымен қатар дәнекерлеу қосылыстарының сапасын тексеру, дәнекерлеу буындарын оқшаулау, құбырды траншеяға орнату жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар көлденең бұрғылау және жару тәсілдерімен жасалады.

Бұл ірі жобаны жүзеге асыру үшін 2200-ден астам адаммен 800-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Ал бұрғылау және жару жұмыстарын жүргізуге мамандандырылған арнайы рұқсаты бар мекемелермен келісімшарт жасалынған.

Нұрлан Кемалов, құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша топ басшысы:

- Вахталық қалашықтарда 400-500 адамнан орналасқан. Қалашықтарда ғаламтор, байланыс желілері, асхана, медициналық пункт. Кір жуу бөлмелері мен монша орнатылған. Жұмысшыларға барлық қолайлы жағдай жасалған. Құрылыс барысында жергілікті мамандар, оның ішінде Қызылорда, Қарағанды облысынан жұмысқа қабылдау шаралары жүріп жатыр.

Жалпы, газ құбырын салу және оны іске қосу жұмыстары 2019 жылдың соңына дейін аяқталмақ. Нәтижесінде 1,2,3 жылу электр орталықтары, 22 мың жеке сектордағы тұрғын үй, 192 жеке қазандық пен 48 шыған коммуналдық қазандық толық газ жүйесіне көшіріледі.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Асет Асайынов 

Хабар 24 телеарнасы