389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында суармалы егін шаруашылығы қарқынды дамуда

  • 298
  • UPD: 16:11, 14.06.2019

Павлодар облысының диқандары суармалы егін шаруашылығын дамытуға бет бұрды.

Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе Ертіс өзені жайлаған аудандарда қарқын алды. Агроөнеркәсіп саласын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде биыл суармалы егіншілік жерлері 90 мың гектарға жуықтады. Шаруалар қауымы өзеннің шарапатын көріп, мал азығы болатын жем-шөп пен көкөніс өсіруді көздейді.

Ертіс ауданы әу бастан астықты өңір саналады. Осы жылы 200 мың гектарға жуық алқапқа бидай тұқымы себілген. Жерді емген диқандардың ендігі мақсаты – суармалы шаруашылықты дамыту. Биыл 800 гектарлық сынақты аумақ айналымға енгізіліп, суарыла бастаған.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Бірнеше жыл бұрын осы аумақта мал бағылатын жайылым болды деп айту қиын. Топырағы құнарлы жерде енді суармалы егін шаруашылығы қарқынды дамуда. Ертіс ауданының агрономдары осы күзде жүгері, күнбағыс және көпжылғы шөптердің алғашқы өнімін алмақ.

Ертіс ауданындағы алты бірдей ауылдық округ Ертістің бойын жайлаған. Осыны қаперге алған дихандар мемлекеттік қолдаудың көмегімен бос жатқан құнарлы топыраққа су тартқан. Мәселен, Қызылжар округі Қаратүн тармағының маңында орналасқан. Дәл осы жерде сорғы станциясы салынды.

Бұл қожалық суармалы егін шаруашылығы бойынша 500 млн теңгенің жобасын жүзеге асырған. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 126 млн теңге жұмсалған.

Иван Мокан, оператор:

– Бұған дейін механизатор болып еңбек еттім. Кейін жұмыссыз қалып, сорғы станциясының операторы мамандығын меңгеріп алдым. Енді ек іқолға бір күрек таптым. Бұл - аса жауапты іс.

Осындай бес жаңбырлатқыш құрал орнатылып, әрқайсысы күніне 82 гектар жерді суландырады. Заманауи құрылғы автоматты түрде басқарылады. Тиімділігі сол, арнайы биожанар-жағармай тұтынады. Яғни қоршаған ортаға зияны жоқ. Ақау анықталса, құрал осындай белгі береді.

Асқар Исабеков, Ертіс аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Бұл өңірде суармалы егіншілік соңғы рет өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары дамып, кейін тұралап қалған. Биыл суарылатын алқаптар мың гектарды құрап отыр. Алдағы уақытта шаруалар тағы алты мың гектарды суарып, көкөніс пен жем-шөп егуге ниетті. Жобалық-сметалық құжаттама әзір. Қолдау бар.

Облыста бұл бағытты дамытуға тағы 150 мың гектарға жуық алқапты айналымға енгізуге мүмкіндік бар. АӨК дамытудың кешенді жоспары аясында алдағы үш жылда суармалы аумақтар 210 мың гектарға ұлғаймақ. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы