389,96 432,20 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда ерекше демалыс орны ашылды

  • 308
Көкшетауда ерекше демалыс орны ашылды

Көкшетауда полицейлердің төл мерекесі қарсаңында ішкі істер органдарының және ұлттық гвардия ардагерлерінің аллеясы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай демалатын орын елімізде алғаш рет бой көтеріп отыр. Сондай-ақ осы күні Ақмола облыстық полиция департаментінің жанындағы сала музейі күрделі жөндеуден соң қайта іске қосылды.

Көкшетаудың қақ ортасынан орын тепкен аллеяның ашылу салтанатына облыстың ғана емес, өзге өңірлердің де полицейлері мен сала ардагерлері жиналды. Мұндай орын Қазақстанда алғаш рет ашылып отырған соң, сырттан келген меймандар өз облысының атынан көшет отырғызды. Бұл жер енді қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналады деген сенім мол. Ал, ең бастысы, ардагерлер дән риза.

Өмірзақ Болсамбеков, ҚР Ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Дана халқымыз айтады, үлкенге құрмет, кішіге ізет деп, осындай ақсақалдарды сыйлап, алаң ашып отырғанына алғысымызды айтамыз. Біздің ендігі міндетіміз – жастарға жақсы жағынан үлгі беріп, ақылымызды айтып, тәрбиелік мәнді жұмыс жасап, еңбекке үйретіп, тілеуқор болу.

Қазір елімізде ішкі істер органдарының 65 мыңнан астам ардагері бар. Бақилық болғандары қаншама. Солардың бірі, 2000-жылдары Парламент Сенатының депутаты болған Қайролла Ескендіровке Көкшетауда ескерткіш тақта орнатылды. Сондай-ақ, осы күні тәуелсіздік жылдарында қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің рухына әріптестері тағзым етті.

Ал, облыстық полиция департаментінің жанындағы жаңартылған музейде қазір 5 жарым мыңнан астам экспонат сақтаулы. Мұнда Кеңес Үкіметі кезіндегі полиция басшыларының өмір тарихы, сол кездегі қарулар мен құнды құжаттар бәрі бар.

Аслан Қызбикенов, облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

- Музейде біздің ардагерлердің бұрын жұмыс істеген құжаттары, алынған предметтері сақталған. Оны келешекте біздің жасөспірімдер мен жас  қызметкерлерге көрсетіп, келешекте осы тұрғысынан сабақтар өткіземіз. Мұражайдың ашылғаны өте жақсы болды.

Мереке қарсаңында облыс орталығында тағы бір полиция бөлімшесі ашылды. Ол облыстық аурухана ғимаратында орналасқан. Ал, бұл маңайда 17 мыңнан астам халық тұрады. Енді олар өздерін қауіпсіз сезіне алады. Жалпы Ақмола облысында 3 мыңға жуық полицей бар.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы