389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста жоғалған мыңға жуық бала ата-анасына тапсырылды – ҚР БҒМ

  • 542
  • UPD: 14:37, 25.06.2019

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі Арыс қаласында жоғалған мыңға тарта баланың ата-анасына тапсырылғанын ресми түрде хабарлады.

Министрліктің Ғacebook әлеуметтік желісінде тағы 14 баланың ата-анасы іздестіріліп жатқаны мәлім болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктің мәліметінше,  білім беру басқармасы және қоғамдық ұйым өкілдерінің ішінен мобильді топтар 945 баланы тауып, ата-аналарына тапсырған. Бұл  24 маусым күні түнгі сағат  23:00-ге дейінгі жағдай бойынша берілген ақпарат. Сондай-ақ эвакуацияланған балалар үшін психологиялық қолдауды, медициналық сүйемелдеуді, бос уақытты өткізу шараларын ұйымдастыруды көздейтін іс-шаралар кестесі әзірленгені белгілі болды.

Министрлік өкілдері Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, Арыс қаласындағы оқиғаларды мұқият қадағалауда. Балаларды қаладан көшіруге және оларды жайластыруға белсенді түрде атсалысып жатыр.

«Шымкент қаласына ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Ержан Ерсайынов пен ҚР Білім және ғылым министрінің балалардың құқықтары мәселелері жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер жіберілді. Оқиға орнында жедел топтар жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта ҚР БҒМ өкілдері жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, эвакуацияланған балалар тұратын орынды, олардың тамақтануын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ бұл жұмысқа ҚР БҒМ аумақтық органдары (Түркістан облысы және Шымкент қаласы Білім және ғылым саласын бақылау департаменттері) қосылды. Балалар орналасқан барлық ұйымдар ҚР БҒМ Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің бақылауында. Балалар мен ата-аналарды іздестіру үшін ҚР БҒМ Білім және ғылым саласын бақылау департаменті, білім басқармасы және қоғамдық ұйым өкілдерінен тұратын мобильдік топтар құрылды» делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, балалар облыс және Шымкент қаласының білім беру мекемелеріне орналастырылған. Білім басқармасының қызметкерлері үнемі байланыста және сағат сайын қалыптасқан жағдай туралы баяндап отырады. Көшіру мәселелерін үйлестіру үшін жедел желі телефондары құрылған: 8-725-33-71-082; 8-725-33-71-313; 8-725-33-71-212; 87014483217 (WhatsApp).

Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша балалар мен олардың ата-аналарын көшіру Шымкент қаласында, Түлкібас, Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында жүзеге асырылады. «ҰБББ деректері бойынша Арыс қаласында құрамында 24 201 бала бар 97 білім беру ұйымы (47 мектепке дейінгі ұйым (4 732 бала); 40 мектеп (18 403 оқушы); 1 отбасы үлгісіндегі балалар ауылы (66 бала); 2 колледж (835 оқушы); 6 қосымша білім беру ұйымы, 1 «Көксарай» қала сыртындағы сауықтыру лагері (165 бала (Арыс қаласынан оңтүстікке қарай 77 км) жұмыс істейді.

ЖАО ақпараты бойынша қазіргі уақытта Шымкент, Түркістан қалаларында, Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш және Шардара аудандарында 47 халықты орналастыру орталығы жұмыс істейді. Барлығы 47 орталықта 4 мыңнан астам адам бар, оның ішінде 886 бала. Жедел әрекет ету мақсатында «BALA QORGAU», «Арыста жоғалған балалар» телеграмм-чаттары жұмыс істейді» делінген хабарламада. Айта кетейік, аталған министрлік  қызметкерлері Арыс қаласының балаларына көмек көрсетуге бір күндік жалақысын аудармақ.

Хабар 24 телеарнасы