383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қайырымдылық керуені Оралдан Арыс қаласына аттанды

  • 203
  • UPD: 00:01, 26.06.2019

«Арыс. Біз біргеміз!» акциясына батысқазақстандықтар да белсенді атсалысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін гуманитарлық жүк тиеген қайырымдылық керуені Оралдан Арыс қаласына аттанып кетті. Бұл іске облыс орталығындағы ірі кәсіпорындар мен сауда орындары белсенді атсалысты.

Арыстағы ағайынның басына түскен ауыртпалыққа Ақжайық халқы аса алаңдаулы. «Қайығыны бөліссе азаяды» демекші, дәл қазіргі сәтте өңірдегі барлық өндірістік кәсіпорындар, ірі сауда орындары мен мекеме-ұйымдар, қала берді жекелеген азаматтар да қиындыққа тап болғандарға қол ұшын созуда.  Қазір облыс аумағында құрылған үйлестіру штабының жұмысы қызу жүріп жатыр.

Ғабидолла Оспанқұлов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

– Қиындыққа тап болғандарға ең бірінші кезекте қажет болатын заттар жіберілуде. Мысалы, балалар киімдері, гигиеналық заттар, тағам өнімдері мен құрылыс материалдары тиелген қайырымдылық керуенін аттандырып жатырмыз. Арыстағы ағайынның басына түскен ауыртпалықты жеңілдету мақсатында көп азаматтар мен мекеме-ұйымдар өздерінің бір күндік жалақыларын аударуға бел буып отыр.

Қалада кәсіпорындар мен жекелеген азаматтардан көмек ретінде әкелінген заттарды жинайтын бірнеше гуманитарлық пункт ашылды. Бұл пункттер Арыстағы ағайынның ахуалына бейжай қарамайтын тұрғындардан бір сәтке де босаған емес. Қайырымдылық шарасына аймақтағы жастар ұйымдары мен еріктілер, сондай-ақ өзге де белсенді азаматтар атсалысып жатыр.

Авторы: Талғат Серікқалиұлы

Хабар 24 телеарнасы